Жақсылық жасап, елдің батасын алудан шаршамайтын Мақтаарал аудандық Ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан құрылған еріктілер клубының мүшелері мен ауданның белсенді жастары тағы бір ізгілікті іс жасады. Елдегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты енгізілген карантиндік режимге қарамастан ауданның ерікті жастары аудандағы кенттер мен ауылдық округтерде тұратын жалғызбасты қариялар мен аз қамтамасыз етілген немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға қолұшын созып, үй шаруасына көмектесуді күн тәртібінен түсірген емес.
Бұл жолы ауданның бастамашыл жастары Мырзакент кентінің тұрғындары Мададова Сания Анваровна мен Цой Леонид Тарасовичтің үйлерінде болды.
Көнекөз қариялардың үйінде ерікті жастар топ-топқа бөлініп, үй шаруаларына көмектесті. Ұлдар жағы ауладағы шөптерді орып, күл-қоқыстарды шығарды. Отын жарып, құлаған қабырғаларды сылады. Ал, қыздар жағы үйді жинап кір-қоңын жуды. Ыдыс-аяқтарды тазалап, ас-ауқаттарын дайындады.
Мұнан да басқа еріктілер қариялармен қатар отырып, дастархан басында әңгімелесті. Қазақстанның кешегісі мен бүгінгі қол жеткізген жетістіктері, болашақта бағындырар белестері жайында ой бөлісті.
© DIDARBEK.kz