Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА МАРАТ МАРАПАТТАЛДЫ

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА МАРАТ МАРАПАТТАЛДЫ

Ішкі істер саласының қызметкерлері өздерінің қызметтік және азаматтық борышын орындау кезінде күнделікті өмірлеріне қауіп төнеді, адамдарды апаттан құтқарады және өмірлік қиын жағдайларда көмек көрсетеді.

Бүгін осындай батыр полицейлерді ҚР ІІМ-нің өзі марапаттады. Марапатталғандардың арасында мұз астына батып бара жатқан баланы құтқарған ТО ПД-нің полицейі Марат Рахметұлы бар.

Ол Жетісай АПБ-нің анықтаушысы, полиция капитаны лауазымында қызмет атқарады.

Мараттың батырлығы турасында нақтырақ айтсақ: ақпан айының 2-сі күні сағат шамамен күндізгі 4:50 өткенде Жетісай аудандық полиция бөлімінің кезекшілік бөлімшесіне жергілікті тұрғындардың бірінен жасөспірім бала суға ағып бара жатыр деген хабарлама келіп түседі.

Хабарлама түсе салысымен қызметтік көлігіне мінген полицейлер жедел түрде оқиға орнына небары 3 минутта жетеді.

Осы сәтте Марат бірден суға сүңгіп кетеді. Тездетіп жүзіп барып, ағып бара жатқан 12 жастағы баланы ағысы қатты судан құтқарып қалады.

«Еш ойланбастан әріптесіммен бірге көліктің дабылын қосып алып, хабарлама түскен жаққа қарай тарттық. Каналдағы су көтеріліп, арнасы толып тұрған болатын. Жеткен кезде көліктен шығып, киімімді шештім де суға сүңгіп кеттім. Баланың ағып бара жатқан жағына қарай алдынан шығып ұстап қалу үшін, барымды салып жүзе бастадым. Осылайша баланы құтқардым. Бастысы бала аман!», — дейді батыр полицей.

Осылайша біздің Марат , «Отан қорғаушылар күні» мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен, ІІМ Е.Тұрғымбаевтың өз қолынан «Ерлігі үшін» медалін алып, кеудесін қуаныш кернеді.

«Ерлігі үшін» медалі нағыз ерлік көрсеткендерге ғана берілетін мемлекеттік марапат. Сондықтан ерлігімен көзге түскен жас полицей Мараттың сол кездегі жылдам әрекеті қатарластарына үлгі болмақ.

Полиция қызметінің қиын екендігін білсе де, ант берген ол ешқашан қауіптен қашқан емес. Кез-келген адамның басына қауіп төнсе, көмектесе кетуге әзір, ол -полицей екені даусыз ! Мараттың Мемлекеттік награданы иемденуі — осының дәлелі.

Тастай мұзды суға түсіп, баланы аман алып шығу шынында батылдықты қажет ететін іс.

Бүгінде құтқарылған жасөспірім, Маратпен хабарласып, хал-жағдайын сұрап тұрады.

Ал біз болсақ, марапат иесі Маратқа толағай табыс тілеп, елдің шексіз алғысына бөлене бер демекпіз!

© ТО ПД-нің баспасөз қызметі

Пікір жазу