Қазір «Эмир» сауда белгісімен шығатын ірімшіктер тұтынушыларға таңсық емес. Сапалы дайындалған бұл өнімнің түрлері Қазақстанның барлық қалаларына жақсы мәлім десек, қателеспейміз. Ақсукент ауылында орын тепкен «Айқан» серіктестігі шығаратын жоғарыда аталған сауда белгісімен шығатын ірімшіктің түр-түрін көпшілік қай кезде болсын сауда сөрелерінен жапатармағай сатып алып жүр. Осылайша, кәсіпорын өзінің қуаттылығын арттырып қана қоймай, осы өнімнің түрлерін көптеп шығаруды жан-жақты меңгерген, серіктестіктің өндірістік жабдықтары да жыл санап жетілдіріліп келеді. Бұл туралы Сайрам аудандық «Мәртөбе» газетен сілтеме жасаған DIDARBEK.kz хабарлайды.
Еліміздегі жарияланған карантинге байланысты алғашында жарты айдай уақыт сәл абдырағаны болмаса, көп уақыт өтпей-ақ өндірістің қарқыны арта түсті. Рас, осы жағдайға байланысты өндірістің ауқымы 20 пайызға дейін кемігенін жасырудың реті жоқ. Сондай-ақ, зауытта жұмыс істейтіндердің көпшілігі Мәртөбе тұрғын үй алабында тұратындықтан оларды жұмысқа тасымалдау да біраз қолбайлау болды. Алайда, кәсіпорынның білікті басшысы Алмагүл Айқан қол қусырып отырмай, тұйықтан шығатын жолдың көзін тапты. «Ең бастысы – біз кездескен қиындықты жеңе отырып, жұмысты жолға қойдық», — дейді кәсіпорынның басшысы.
Сонау, 2012 жылы жұмысын бастаған кәсіпорын бүгінде жұртшылыққа өз өнімдерінің сапалылығымен таныла бастады. «Біз жаңадан өндірілген өнімдердің сапасына баса мән береміз. Өндірісті жүргізудің озық әдістерін батыл ендіреміз. Жаңа технологияларды өндіріске енгізуді мықтап қолға алдық. Соның арқасында экологиялық жағынан таза өнімдерді тұтынушылар үлкен сұраныспен сатып алады. Ал, «Эмир» сауда белгісімен шығатын ірімшікті өндіруде еш қателеспегенімізді білдік», — дейді ол. Кәсіпорынның басшысы Алмагүл Құдайбергенқызын сүт өндіретін және сүтті қайта өңдейтін қауымдастықтың төрайымдылығына әріптестері бірауыздан сайлағаны тектен тек емес. Ал, биыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтық мүшелігіне сайлануы оның ізденімпаз, жемісті еңбегіне берілген баға дер едік.
Алмагүл Құдайбергенқызы өзінің ұжымы туралы мақтанышпен әңгімелейді. Бұл бекер емес. Өйткені, кәсіпорын қызметкерлерінің көпшілігі оның негізі қаланған күннен бері табысты еңбек етіп келеді. Соның арқасында Мәртөбе ауылындағы кәсіпорынның іргесі кеңейіп, Ақсукент ауылынан сүт өңдейтін іргелі ғимаратқа көшкен.
– Біздегі еңбек ететіндердің ешқайсысын бөле-жарып айтқым келмейді. Бұлардың барлығы да өз ісінің нағыз майталмандары, – дейді кәсіпорынның басшысы.
© DIDARBEK.kz