Құрметті жерлестер!
Қарулы күштер сарбаздары мен ардагерлері және Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен майдангер ұрпақтары!
Сіздерді қасиетті де ұлы мереке – Жеңіс күнімен және бүгінгі 7 Мамыр Қазақстан Қарулы күштер күні — Отан үшін отқа түскен аға буын мен болашақ ел қорғайтын асыл азаматтарымыздың кәсіби мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды Сіздер қайыспай көтеріп, елдің қамал-қорғаны болдыңыздар. Сіздер сияқты жеңімпаз ұрпақтың ерен ерлігі, жалындаған жігері, өршіл рухы, Отанымыздың тәуелсіздігі жолындағы халқымыздың құрыштай берік бірлігі–бізге әрқашанда үлгі болып рухтандырады.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды.
Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Олардың есімдері халықтың жүрегінде мәңгі сақтаулы. Сонымен қатар, бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн.
Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.
Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!
Ақментай Есбаев,
Келес ауданының әкімі
Арын Тотиков,
Келес ауданының мәслихат хатшысы