Құрметтi Ұлы Отан соғысының Ардагерлері, Отан қорғаушы сарбаздар және аудан тұрғындары!
Сiздердi мамырдың 7-сі – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнi және 9-ы мамыр — Ұлы Жеңiс күні мерекесiмен құттықтаймыз!
Екі мерекенің қатар келуі ерекше сабақтастыққа, Отанды қорғау барысындағы жеңімпаздыққа үндеп тұрғандай.
Біздің жауынгерлеріміздің әрбір жеңісі – ел бірлігін айқындай түсетін патриотизмнің шынайы үлгісі.
7 мамыр – ҚР Қарулы Күштеріне арналған ерекше айбынды күн!
1992 жылдың 7 мамырында ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы – Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен республиканың қарауына өткен Қарулы Күштеріміз қазіргі таңда елдің тыныштығын күн-түн демей күзетуде.
Бірлігіміз бекем, қорғанымыз берік болса, біз алмайтын асу жоқ! Себебі, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін бізге дейінгі толқын бір емес, бірнеше рет ерлік жасап, құрбандыққа барды.
Жанын қиса да, жеріне, еліне жауын жақындатпай, қасқайып қарсы тұра білді.
Сондай сұрапыл соғыстың бірі 1941-45 жылдары өтті. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты.
Ол жылдары Қазақстан миллиондаған босқындарды бауырына тартып, эвакуацияланған завод пен фабрикаларға, майданға керекті оқ-дәрі мен азық-түлік жеткізуші үлкен арсеналға айналды.
Биыл 9 мамырда осынау қантөгістің аяқталып, жеңісті күн туғанына 75 жыл толып отыр.
Бүгінгі таңда ауданымызды көзі тірі 4 Ұлы Отан соғысы ардагері бар.
Бұл тарихи сәттің қай-қайсымыз үшiн де, қоғам, мемлекет үшiн де маңызы ерекше.
Біз Ұлы Жеңiсті тойлаумен қатар, бұл күні сұрапыл соғыста еліне, аяулы жары мен туыс-туғанына орала алмай, құрбан болған боздақтарымызды еске аламыз.
Жүректі сыздататын сұм соғыстың ауыр естеліктерін жеңісті жақындатқан жауынгерлерге деген шексiз құрмет арқылы жеңiлдете аламыз.
Тарихы тамырлас, тағдыры бауырлас көпұлтты елiмiздегi тыныштық пен түсiнiстiктiң тамыры сол бір жеңісті күннен бастау алса керек.
Барша отандастарымыз үшiн аса қастерлi мереке бүгiнгi ұрпаққа жасалған баға жетпес сый.
«Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» деп, дана халқымыз айтқандай бүгінгі ұрпақ қиындықпен келген бейбiт өмiрдiң бағасын бiлiп, қадiрiн түйсiнуi тиiс.
Ел басына қатер төнген тұста жауға қарсы соғысқан батыр аталарымыз бен әжелерiмiздi әрқашан ардақтап, ерлiктерiн дәрiптей бiлейiк, ағайын!
Кейiнгi ұрпақ Отаны үшiн оққа кеудесiн тоса білген батырларын танып өссін!
Баба рухына тағзым етіп, жауынгерлік тарихын мақтан тұтсын!
Батырлығы мен батылдық iсiн үлгi тұтып, әрбiр қаһармандық, күрескерлiк, еңбексүйгiштiк қасиеттерiнен өнеге алсын!
Әрбір шаңыраққа бақ ұялап, қуаныш сарқылмасын! Айбынды қос мереке құтты, баянды болсын демекпін!
Құрметпен,
Сайрам ауданының əкімі Ұласбек Сәдібекұлы