Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТЕМІРДЕН ӨРІЛГЕН ӨРНЕК

ТЕМІРДЕН ӨРІЛГЕН ӨРНЕК

Бүгін Сайрам ауданының әкімі Ұ.Сәдібеков іс-сапарын 50 мыңнан астам халқы бар Қарабұлақ ауылдық округінен бастады. Мұнда ата кәсібін заманға сай дамытып келе жатқан Атабек Әбдіғаниевтің шеберханасына барып, кәсіпкермен сұхбаттасты, деп жазады Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.

Атабек Әбдіғаниевтің шеберханасында 8 адам жұмыс істейді. Олар темірді иіп, көздің жауын алатын түрлі бұйымдар дайындайды.

— Әкемнің темір сатумен айналысқанына 25 жыл болды. 2015 жылы әкемнің сол темірлерінен есік-терезеге ою жасағым келді. Сол қызығушылық түбі үлкен кәсіпті бастауыма түрткі болды, — дейді жеке кәсіпкер.

Темірден қарапайым өрнек жасап жүрген ол 2017 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен көрмеге барады. Кәсіптің нәсібі дәл осы тұста артса керек, АӘбдіғаниев темірден өрнек өрудің қыр-сырын жақын танып, штелдік әріптестермен байланыс арттырады. Дүние-мүлкін кепілге қойып, несиеге алған ақшасына Қытайдан үш станок сатып алады.

— Қазір ол станоктардың саны 8-ге жетті. Несиелерімнен де құтылдым. Трубадан 30 түрлі, төртбұрышты пруттан 30 түрлі ою-өрнек жасаймыз. Қытайдағы әріптестерім жаңа шыққан өрнектерді айтып, әлі күнге байланыс жасап, тәжірибе алмасып отырамыз, — деді ол.

Қай істің де өзіне тән қиындығы бар. Кәсіпкердің Қарабұлақ ауылында бастаған кәсібі бірден табысты болмаған. Бірақ, ол өнімдерін Шымкент қаласында сатуға бел буады.

Қаланың жаңашыл тұрғындары ғана емес, уақыт өте келе мердігерлер де тапсырыс бере бастаған. Қазіргі таңда есік, терезе, тапшан, қоршаулар, үй шатырларының бұрыштары мен баспалдаққа арналған ою элементтерін және киім ілгіш, гүл салғыш сынды басқа да үйге қажетті темір бұйымдарды жасауды қолға алған.

Жеке кәсіпкер темірден өрнектелген өнімдерді Қарабұлақ ауылындағы шеберханада жасап, Шымкент қаласындағы екі дүкенде сатылымға шығарады.

Аудан басшысы кәсіпкерге сәттілік тілеп, ауданды көркейту мақсатына осындай отандық өнімді тиімді пайдалану қажеттігін алға тартты.

© DIDARBEK.kz

Пікір жазу