Мақтааралда арыстық арнайы топ өз жұмысын қарқынды жұргізуде, деп жазады Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Мақтаарал ауданындағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарын жою және үкімет тарапынан берілетін бір ретік өтемақыларға құжаттарды қабылдауға жәрдемдесу мақсатында, Арыс қаласының әкімі Қадырбек Мұрат Болатұлының жетекшілігімен құрылған арнайы жұмысшы тобы Мырзакент елді-мекенінде өз жұмысын бастады. Жұмысшы топтың құрамында қала әкімінің орынбасары С.Дәрібай, экономика және қаржы бөлімінің басшысы М.Асанов, жер қатынастар бөлімінің басшысы Е.Қуандық, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Н.Жанбатырлар Арыс қаласында 2019 жылдың 24 маусымында орын алған төтенше жағдай салдарын жою мен қаланы қайта қалпына келтіру барысында жинаған тәжірибесімен бөлісіп, құжат рәсімдеудің оңтайлы жолдарды көрсетіп, белсенді жұмыс атқаруда.
Айта кетейік, 2020 жылғы 1-мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы «Сордаба» су қоймасы бұзылып, Мақтаарал ауданындағы «ЦГК» каналына 300 миллион текше метр су келіп құйылған. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай қалыптасып отыр. Сонымен қатар, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев апаттан зардап шеккен аймаққа арнайы келіп, Арыстың тәжірибесіне сәйкес Мақтаарал ауданында да тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
© DIDARBEK.kz