Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ОТЫРАР АУДАНЫ ҚҰТТЫҚТАЙДЫ

ОТЫРАР АУДАНЫ ҚҰТТЫҚТАЙДЫ

Құрметті отырарлықтар!
Сіздерді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Өткенімізге шегініп қарайтын болсақ, осыдан 75 жылдан астам уақыт бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылды. Сұрапыл соғыстағы аға буынның жан аямас ерлігі, ерен еңбегі, туған елге, жерге деген патриоттық ыстық ықыласы келешек ұрпақ санасында жаңғырып тұрары даусыз. Әділдік пен зұлымдықтың соғысы деп бағаланған майдандағы ерліктеріңіз бүгінгі және келер ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштіктің, отанқорғаудың жоғары үлгісі болып қала бермек.
Отанға, туған жерге, елге деген сүйіспеншілік мыңдаған қазақстандықтардың тұла бойынан жалындап тұрды. Бүгінгі ардагер – кешегі жауынгер. Сол кезде небәрі 19-20 жастағы азаматтар ата-бабасының батылдығын, батырлығын, ержүректігін бойына сіңіріп өскен қазақ жауынгерлері, батыр ағаларымыз, жастығына қарамай бір қиырда жан алысып, жан берісіп, кескілескен ұрыстарға қатысып, керемет ерліктер жасады. Бұл жөнінде Кеңес одағының батыры, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлы: «Біздің жүрегіміз темір емес, бірақ рухымыз отанымыз үшін қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады, біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар. Ол – Отанға деген сүйіспеншілік» деп жазған еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Соғыс жылдарында Қазақстанға көшірілген жүздеген өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындарда мыңдаған отандасымыз еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Әрбір он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ауыл халқы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін аянбай тер төкті. Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық» дей отырып, Ұлы Жеңістің куәгерлеріне құрмет көрсетуді азаматтық парызымыз деген болатын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ізгі дәстүріміз бен қасиетімізді сақтай отырып, кешегі даңқты сарбаз, бүгінгі ардагерлерімізге құрмет көрсетейік.
Ардақты ағайындар!
Бүгінгідей айтулы мереке күні баршаңызға қажымас қайрат, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ардагерлеріміздің дені сау болып, сардарларымыз бен сарбаздарымыз табысты қызмет ете берсін. Әрдайым Жеңіс туы биіктен желбірей берсін! Баршаңызға бейбіт өмір тілеймін!

Құрметпен,
Отырар ауданының әкімі Ә.Жүнісов

Пікір жазу