Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ!

АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ!

Бүгін Түлкібас ауданының әкімі Н.Байғұт, аудандық мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қасымбеков бастаған топ 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлерінің үйіне ат басын бұрып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, құрмет көрсетті.

Құттықтау барысында аудан басшысы әр ардагерге Мемлекет басшысының және облыс әкімінің құттықтауларын жеткізіп, мемлекет тарапынан берілген 1 миллион теңге сыйлығын және аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен демеушілер есебінен 2 жүз мың теңгені табыстады. Сондай-ақ, мерекеге орай ардагерлерімізге естелік ретінде аудан әкімдігі тарапынан аудан ардагерлері жайында толық мәлімет көрсетілген естелік кітапша мен ардагер бейнесі бейнеленген сурет табысталды.


Мемлекет басшысының және облыс əкiмiнiң марапттауларына ɵз ризалығын бiлдiрген соғыс ардагерлері ауданның жаңа басшысына баталарын беріп, алдағы қызметінде табыс тіледі.

Уақыт зымырап өтіп жатыр, алайда бұл оқиғаның маңыздылығы ел есінен ешқашан кетпейді. Қаһарлы соғыста ата бабаларымыз от кешіп, ұрпағының тыныштығы үшін, бейбітшілік үшін елді қалай қорғағаны есімізде. Ауданымызда сұрапыл соғыс оты шарпымаған шаңырақ кемде-кем. Ауданнан соғыс жылдары майданға 5770 адам аттанған. Солардың ішінен 4-і Кеңес одағының батыры, 1-і Даңқ орденінің ковалері атағын иеленген. Майданға кеткен жерлестеріміздің жартысына жуығы қайтыс болған.

Бүгінгі күні оқ пен оттың ортасында өмір мен ажал арпалысқан соғыстан елге Ұлы Жеңіспен оралған майдангерлермен, сол жеңісті жақындатуға орасан үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің қатары жыл озған сайын сиреп барады. Міне, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына ауданымыздағы жеңіс жауынгерлерінің 5-і ғана біздің арамызда. 719 тыл еңбеккерлері бар. Десек те, қан майданда шейіт болған майдангерлердің рухтарына бас иіп, елге жеңіспен оралған ардақты ардагерлеріміз бен ерлікке пара-пар ерен еңбектің үлгісін көрсеткен тыл еңбеккерлеріне тағзым етеміз.

© DIDARBEK.kz

Пікір жазу