Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметтеу — қанымызға сіңген үрдіс. Әрі мұндай өнегелі қадамның ұрпақ тәрбиесіне де тигізетін әсері мол. Бүгін Сайрам ауданының әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы М.Отаршиев Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің отбасыларына арнайы барып, Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Аудан басшысы ардақты ардагерлерге зор денсаулық, отбасыларына мол бақыт тілеп, жүрекжарды лебізін білдірді және адамзат тарихындағы ерен ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын жеткізіп, ардақты ардагерлерге Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтауын және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы» төсбелгісін табыстады. Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің және аудан әкімінің құттықтау хаттары мен мерекелік сыйлықтарын табыс етті.
Майдангерлерді құттықтауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сүлейменов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Қыстаубаев және қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы майор Н.Рахманбердиев қатысты.
Өз кезегінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ж.Ташметов, И.Юсупов және Э.Ишхонов майдан даласындағы көрген қиындықтары туралы естеліктер айтып, Жеңіс мерекесіне орай құрмет көрсеткен аудан басшыларына ақ батасын берді.
(с) Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі