Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЖЕҢІСТІҢ 75 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АКЦИЯ

ЖЕҢІСТІҢ 75 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АКЦИЯ

9 мамыр күні Ахмет Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінде Жеңістің 75 жылдығына арналған «Мәңгілік даңқ» акциясы тікелей эфирде онлайн режимде өтті. Шараның басты мақсаты сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен батыр аталарымыздың есімдерін ұмытпай һәм ұрпақтан ұрпаққа насихаттау назарға алынды. Атаулы жиынға университет ректоры Болатбек Әбдірасилов бастап, Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, Ясауи университеті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б. Нақыпов, университет профессоры Б. Сердәлі қатысып шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болды, деп жазады қалалық «Түркістан» газетінің тілшісі Ақберен Амангелдінің материалына сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.

Эфир барысында университет оқытушылары, қызметкерлерінің жақындарының соғыс, тыл шебіндегі ерліктері мен еңбектері туралы деректер, фотосуреттер түріндегі естеліктер көрсетілген іс-шараны ғалым Досай Кенжетай жүргізіп отырды. Шарада сөз алған Болатбек Серікбайұлы бұл акцияның жастар үшін ерекше маңызы бар екенін еске салып, соғыс шебінде болған аталарымызды ұмытпау және қастерлеу керек екенін айтып өтті. Осы орайда, соғысқа өз елінің атынан аттанып, өзге жерде опат болған ардагер аталарымыз жайлы сөз қозғады. 2012 жылы 9 мамыр күні Болатбек Әбдірасилов өзінің туыстарымен Украина Республикасы, Полтов облысы, Зеньков қаласына барған, нәтижесінде 166 қазақстандықтың сол жерде жерленгені белгілі болған. Соның ішінде Түркістан өңірінің де азаматтарының есімдері анықталған. Тікелей эфирде өз елінен жырақта жерленген батыр аталарымыздың аттары аталды.

358 атқыштар дивизиясының қатарында болып Зеньков қаласында жерленген түркістандық Бахил Ибрагимов, Шәуілдір өңірінен аттанған Ұзақбай Серғабаев, Талап колхозынан Байталау Айымбетов және Созақ өңірінен де ардагерлер жерленген. Бірақ бір өкініштісі көбісінің есімдері белгісіз күйде қалған. Қазіргі таңда Зеньков қаласында Болатбек Серікбайұлының тікелей қатысуымен аталған батыр аталарымызға арнайы мемориал ашылып, есімдері жазылған. Зеньков қаласының тұрғындары өздерін азат еткен қазақ батырларына ерекше алғыс айтқанын еске алған Болатбек Әбдірасилов жоғарыда аталған ардагерлердің ұрпақтары болса университетке хабарласуын өтінді.

Түркістан өңірінен Ұлы Отан соғысына 18 547 майдангер аттанып оның 2584-і қайтып оралмаған. Олардың есімдері ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Түркістан қаласында 4 ардагер Әбдіжаппар Дайрабаев, Немат Әбдірасилов, Құрбанай Мүбәраков, Фазыл Азимов аталарымыздың да арамызда жүргені айтылып, оларға амандық тіледі. Сонымен бірге, Түркістан өңірінен шыққан Кеңес Одағының батырларының да есімдері аталды. Олар Расул Есетов Түркістан қаласынан, Құрбанбай Рысбеков Шорнақ ауылынан, Абдулла Үсенов Теке ауылынан және Түркістан қаласынан Файзулла Юлдашев. Қазіргі ұрпақ және келер ұрпақ бұл аталарымыздың жасаған ерліктерінің алдында мәңгі борыштар деп атап өткен университет ректоры қатысушыларды айтулы мейраммен құттықтады.

Бұдан соң Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен Ясауи университеті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Балғабай Нақыпов бұл шараның үлкен маңыздылығына тоқталып, сұрапыл соғыста тыл ардагерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. Шара барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев тікелей эфирден Ахмет Ясауи университетінің бұл игі іс- шарасына жоғары баға берді.

Досай Кенжетайұлы шара барысында жастардың санасына соғыстың ұмтылатын дүние емес, керісінше сұрапыл апат екенін байланыстыру жөнінде орынды мәселелер көтеріп отырды. Бұл тақырыпта сөз бастаған университет профессоры Бекжігіт Сердәлі жік-жікке бөліп қарастырып, тұщымды ойларын жеткізді. Эфир барысында университеттің мерекеге орай дайындалған арнайы бейнебаяны да көрсетілді.

Онлайн режимде өткен акцияға «Zoom» платформасы арқылы Қырғызстан, Өзбекстаннан ғалымдар, Аида Эгамбердиева, Мээрим Кулбаева, Баходир Каримов сияқты филология, тарих ғылымдарының докторлары эфирге арнай қосылып, Жеңіс күніне арналған пікірлерін білдіріп мен құттықтауларын жеткізіп отырды. Семей, Екібастұз, Алматы қалаларынан қосылған жас ғалым, университет докторанты Арай Қанапияқызы, Жасұлан Омаров секілді әлеуметтік желі белсенділері іс-шараны тікелей эфирден тамашалап, алғыстарын білдірді.

Акция соңында тікелей эфирге студенттер мен қонақтар қосылып, «Жеңіс күні» , «Атамекен» әндері бірлесе шырқалды. Осындай патриоттық нотада өз соңына жеткен «Мәңгілік даңқ» акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

© DIDARBEK.kz

Пікір жазу