Түркістандық кәсіпкер 3 миллионнан аса қаржыға аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік өнімдерін таратып берді, деп жазады деп жазады қалалық «Түркістан» газетінің тілшісі Ирода Мухамеджанованың материалына сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
Ел ішінде қайырымды азаматтар баршылық. Осындай қайырымды жандар қатарында «Түркістан несие» ЖШС директоры Рахманжан Мавлянов және ол басқарып отырған мекеме ұжымы бүгінгі әлемдік деңгейдегі экономикалық дағдарыс, сонымен қатар аты жаман індет – пандемияға байланысты төтенше жағдай кезінде игілікті ісімен жомарттығымен елді қуантып отыр.
Рахманжан Мавлянов «Түркістан несие» ЖШС арқылы 3 миллионнан аса қаржы қарастырып, комиссия құрып, құрамында төраға Набихон Мубораков пен оның орынбасары Толқын Мухаммеджановтардың шешімімен тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетті. Атап айтсақ, Ескі Иқан ауылдық округі 110, Жаңа Иқан ауылдық округі 10, Түркістан қаласы 10, Бабайқорған ауылдық округі 3, Шаға ауылдық округі 3, Оранғай ауылдық округі 3, Жүйнек ауылдық округі 3, барлығы 142 отбасының әрқайсысына 16 мың теңге көлемінде азық-түлік өнімдерін таратып берді. Қазіргі таңда аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек беру шарасы өз жалғасын тауып келеді.
Иә, осындай елім дейтін қайырымды азаматтар көпке үлгі болуда. Мұндай қиын кезеңде ізгі істерді ұйымдастырып, жақсылықтың басынан көрініп жүрген жомарт жандарға Алланың нұры жаусын, табыстары мол болсын, дейміз!
© DIDARBEK.kz