Оңтүстіктің бір топ журналистері Түркия елінде іс-сапарда жүр. Ондағы мақсат – бауырлас мемлекеттің БАҚ құралдарының тыныс-тіршілігімен танысып, тәжірибе алмасу.
Делегаттарды алдымен Қазақстан Республикасының Түркиядағы бас консулы Еркебұлан Сәпиев қабылдап, журналистер сапарына сәттілік тіледі. Бүгінгі елшілерге тапсырылған жұмыстың бірі – Қазақстанға инвестиция тарту екені белгілі. Бас консул Е.Сапиев бұл тұрғыда түрік инвесторлардың негізінен Оңтүстік Қазақстан облысына ерекше қызығып баратындығын тілге тиек етті. Оның үстіне Қазақстанда Қазақ-Түрік индустриялды аймағы тек осы облыста ғана бар. Сондықтан да алда бірлескен кәсіпорындарды көбейту басты назарда тұр.
Мұнан соң тілшілер тобы Стамбул қаласындағы 16 салалық телеарналарды біріктіретін Түркияның басты телеарнасы ТРТ медиа холдингіне атбасын тіреді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар телеарна 1974 жылдан бері тәулік бойы 40 тілде хабар таратуға қауқарлы. Мемлекеттік телеарна мен радиоқұрылымын біріктірген агенттікте бүгінде 8500 қызметкер еңбек етеді. Олар елде, әлемде болған оқиғаларды дәл әрі объективті түрде, көрерменге дер кезінде жеткізумен айналысады. Түстік журналистері сапар барысында 1500 адам еңбек ететін Стамбулдағы өкілдігінде болып, медиахолдингтің жетекшісі Абдулxамит Авсар мырзамен пікір алмасып, әңгімелесті. Екі тарап бауырмалдық әрі әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатындағы жоспарларымен бөлісті.