Басқыншылардың қорқау тәсілі – басып алған жер-судың ежелгі атын лезде өзгертіп, ел-жұрттың есінен шығарып жіберу.
Сондай мысалдың бірі – Медео.
Алматыны Верный дегеннен әрең өзгерткенде, Медеу шатқалын көпке дейін түзете алмай-ақ қойдық.
Марқұм Тельман Жанұзақов “Правда” газетінің меншікті тілшісі бола салысымен ең үлкен газеттің бетінде осы оспадарсыздықты әшкереледі. Сөйтіп, Медеу қалпына келтірілді. Бұл ретте Тельман Қасым бауырының батылдығына пара-пар келетін іс жасады.
Енді қазір Астанадан аттап шықсаң, айнала-төңіректе отаршылардан қалған атаулар әлі қаптап тұр.
Соның біреуі – Сталин заманында АЛЖИР атанған, “халық жауларының” әйелдері отырған мекен. Ол – аудан орталығы. Малиновка деп аталады. “Не жизнь, а малина”, деп тұтқындар кекетіп қойған нәрсе ғой.
Бір кем дүние.
Шерхан Мұртаза
(«Бір кем дүние» жазбасынан)