«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысының Мақтаарал ауданына жасаған сапары барысында Атакент ауылында волонтерлармен кездесіп, жастарға осындай қиын кезеңде елмен бірге болып, өз еріктерімен жанкешті еңбек етіп жүргендері үшін алғысын білдірді, деп жазады «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.kz.
«Өткен жылы 700-ден астам жасотандық бірнеше ай бойы Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысқан болатын. Бүгін де «Nur Otan» партиясы жастар қанатының мүшелері мен белсенділері мақтааралдықтарға көмектесіп жатыр. Олар өздерінің нақты істерімен отаншылдықтың, ұйымшылдық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетіп жүр. Міне, дәл осындай жауапкершілігі мол жаңа буынның өкілдері алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларында «Nur Otan» партиясының тізімінде болуы керек. Еліміздің болашағы – осындай жастар!», — деді ол.
Мақтаарал ауданына сапар барысында Бауыржан Байбек Түркістан облысының әкімімен бірге жедел штаб отырысын өткізді. Мұнда бірқатар өзекті мәселелерді, оның ішінде инфрақұрылымдарды сапалы түрде қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолдау көрсету және тағы да басқа мәселелер талқыланды.
© DIDARBEK.kz