Мақтаарал ауданында жер реформасын жергілікті тұрғындарға түсіндіру, ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік үшін қолданылып жатқан жерлерді тиімді пайдалану мақсатында арнайы семинар-кеңес өтті. Жиынға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр, Мақтаарал ауданының әкімі Ғ.Исмаилов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов және ауыл әкімдері, бөлім басшылары қатысты. Шараның негізгі мақсаты — жер мәселесіне қатысты салада атқарылып жатқан жұмыстарды талдау.
Облыстағы жер қатынастары саласындағы жұмыстарды іске асыруға және жер ресуртарын тиімді басқаруға бағытталған жер реформасын түсіндіру бойынша облыстық жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Е.Тілеген баяндама жасады. Оның айтуынша, Мақтаарал ауданының жер қоры 185,4 мың гектарды құрайды. Ал, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 145,7 мың гектарға жетсе, оның ішінде егістік жер 140,1 мың, (барлығы суармалы жерлер), тыңайған жер 1,8 мың, жайлымдық жерлер 3 мың, көп жылдық екпелер 0,8 мың гектарға пара-пар.
«2016 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде жалпы аудан бойынша 392 агроқұрылымдардың иелігіндегі 1807 гектар жер нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқандығы анықталып, шара көру үшін облыстық жер инспекциясы басқармасына құжаттар жолданған. Аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі күнге пайдаланылмай жатқан 103 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал, 1065,6 гектар жері облыстық жер инспекциясының қарауына берілген. Ал, қалған 638,4 гектар жердің мәселесі нақтыланбаған», — деді Е.Тілеген.
Бұдан бөлек, басқарма басшысының орынбасары бұған дейін ауданда кәсіпкерлік мақсаттағы 38 жер пайдаланушының 23,7 гектары пайдаланылмай жатқанын атап өтті. ҚР-ның жер кодексін бұза отырып пайдаланып жатқан 13 жер учаскесіне 861 мың теңге айыппұл салынып, жер заңнамасын бұзу туралы нұсқаулық берілген. Одан басқа 2016 жылы кәсіпкерлік мақсатқа беріліп, пайдаланбай жатқан 38 жер учаскесі анықталып, оларға да шара көрілген.
Жалпы, жиында жер мамандары көптеген сұрақтарға жауаптар алып, жер мәселесіне қатысты жұмыстарды бұдан да жоғары деңгейде жандандыру керектігі айтылды. Әсіресе, мемлекеттің алтын қоры саналатын суармалы жердің 30 пайызы Мақтааралда екендігі және бос жатқан суармалы жерлердің мәселесін тез арада шешу керектігіне ерекше назар аударылды. Облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр халқы өте тығыз орналасқан Мақтарал ауданында бір қарыс жер бос жатпау керектігін ескертті.