Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметкері, учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Әділбек Мархабай батылдығымен көпшіліктің алғысына бөленген жігіт.
Тәртіп сақшысы Түркістандағы «Отырар» мөлтекауданындағы үйлердің бірінен шыққан өрттен үш азаматты аман алып шыққан. Дереу көмекке барған олар үйден егде жастағы екі қария мен оның қызын құтқарған. Өрт сөндіру қызметі мен жедел-жәрдем шақырып, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсеткен. Қуанышқа орай, үй иелері зардап шеккен жоқ.
– Қасымда екі әскери ерікті болды. Яғни, Шахрух Журабеков пен Мақсат Жұманазаров есімді жігіттермен өзімізге берілген аумақтағы қоғамдық тыныштықты қадағалап жүрген болатынбыз. «Отырар» мөлтек ауданындағы үйлердің бірінің кіре-берісінен түтін шығып, халық шулап кетті. Дереу барып ішке ендік. Үй тұрғындарын қауіпсіз аумаққа шығарып, көмек көрсеттік, – дейді ол.
Абырой болғанда зардап шегушілер жоқ. Тұрғындар да тез арада көмекке келген тәртіп сақшыларына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын білдірген.
Әділбек Келес ауданында дүниеге келген. Жергілікті жердегі мектепті бітірген соң, Қостанайда жоғары білім алады. Ішкі істер саласындағы еңбек жолын учаскелік полиция инспекторы болып бастайды. Жұмысқа орналасқанына әлі жыл толмаған тәртіп сақшысы, қызмет бабында қырағылығымен көрініп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөлінді.
Учаскелік полиция инспекторы қазіргі кезде өзіне белгіленіп берілген аумақтың тыныштығын күзету, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытында жұмыс жасап жатыр.
– Әрдайым жұмыс барысында халықпен тығыз қарым қатынас орнатамыз. Мәселелерін тыңдап, жағдайды үнемі бақылауда ұстаймыз. Халыққа әрдайым көмек беріп, қолдау көрсету біздің азаматтық борышымыз, – дейді полиция лейтенанты.
© Қайрат ЗАЙНИШЕВ