Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » «СЕРПІНГЕ» ҮМІТКЕРЛЕР СЕГІЗ МЫҢҒА ЖЕТТІ

«СЕРПІНГЕ» ҮМІТКЕРЛЕР СЕГІЗ МЫҢҒА ЖЕТТІ

 

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына 404 мүшесі бар 103 отбасы қоныс аударған. Өңірден көшіп барған азаматтардың жермен қамтылып, ауылшаруашылық жұмыстармен айналысуына және жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етілуінде ешқандай кедергілер жоқ. Сондай-ақ облысымызда «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында тегін оқу гранттарына үміткерлердің саны 8 мыңға жетіп отыр.  Бұл туралы Ақмола облысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен онлайн селекторлық режимінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Өңір басшысы өз кезегінде негізгі үш мәселені көтерді. Оның алғашқысы – Оңтүстік халқын солтүстік облыстарға көшіру. Бұл ретте әкім қоныс аударушылардың жол қаражатын мемлекет тарапынан төлеп беруді ұсынды.

«2014-2016 жылдары оңтүстіктен 152 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды.  Ағымдағы жылы Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерімен меморандумдар түзіліп, биылғы жылдың 20 шілдесіне 404 мүшесі бар 103 отбасы қоныс аударып үлгерді. Әлі де көшкісі келетін отбасылардың қарасы аз емес. Сондықтан қоныс аударушылардың жолақасына мемлекеттен қаржы бөлуді сұранамын. Бұл өз кезегінде солтүстікке бет алушы отбасылардың ынта-жігерін тудыратыны сөзсіз», – деді Жансейіт Түймебаев.

Облыс әкімі қоныс аударушыларға демеушілік жасау мақсатында жергілікті депутаттар мен кәсіпкерлердің атсалысып жатқанын баяндады. Алайда ол аздық етеді деген өңір басшысы солтүстікке көшкісі келетіндерге кемінде бір рет сапарлап барып, ондағы ахуалмен танысуға мүмкіндік берілу керек деп есептейді.

Селекторлық жиын барысында облыс әкімі Ақмола облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі болып табылатын «Новопэк» компаниясына қажетті 300 маманның әзір екенін баяндады.

Естеріңізге салсақ, жыл басында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мурзалин Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары аясында полиэтилен қаптарын шығаратын «Новопэк» зауыты мен басқа да өндірістік кәсіпорындарда жұмыс күшінің тапшылығы сезіліп отырғанын айтқан болатын. Артынша екі тарап келісімге келіп, маман даярлауға кірісіп кеткен-тін.

Биыл облысымызда «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында тегін оқу гранттарына үміткерлердің саны 8 мыңға жетіп отыр. Бұл көрсеткішті кемітпей, барлығына бірдей грант бөлуге үкімет тарапынан қолдау сұралды.

Кеңес қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі бағдарлама тиімділігін арттыру мақсатында тиісті шешімдерді қабылдау үшін мемлекеттік органдарға 10 күн ішінде аталған ұсыныстарды жинақтап, оларды ҚР Үкіметіне ұсынуды тапсырды.

Өз тілшімізден

Пікір жазу