Оңтүстік Қазақстан облысына Батыс Қазақстан облысынан бір топ делегация жұмыс сапарымен келді. Өңіраралық кооперацияның дамуын жолға қою мақсатымен келген жұмысшы топтың жетекшісі – Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновке арнайы сапары үшін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алғысын білдіріп, Оңтүстіктің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен таныстырды.
«Бүгінгі жиналысымыздың мақсаты өңірлер арасында экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де салаларда тығыз ынтымақтастық орната отырып, өзара тауар айналымын ұлғайту, өңірлердің экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады. Жиын қорытындысы бойынша өңірлер арасындағы өзара ынтымақастастықты дамытуға бағытталған меморандумдарға қол қою жоспарланып отыр. Осы меморандумдар екі өңірдің өзара тиімді әрі нәтижелі қарым-қатынастарының одан сайын дамуына үлкен септігін тигізеді деп сенім білдеремін», – деді Ж.Түймебаев.
Өз кезегінде, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов күнгей жұртшылығына жылы қабылдау үшін алғысын айтып, түрлі салада өңіраралық әріптестікті жолға қою мақсатын білдірді.
«Біз, өз кезегімізде, Оңтүстік Қазақстан облысына мұнай-газ секторынан бөлек, серіктестіктің өзге де салаларын ұсынғымыз келеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптегі әлеуеті жоғары. Осыны ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды пайдалану, АӨК өнімдерін қайта өңдеу мен агроөнімдерді экспорттау үшін инфрақұрылым құрылысын жүргізу бағытында бірлескен жобаларды ұйымдастыруға дайын екенімізді мәлімдейміз», – деді А.Көлгінов.
Кездесу қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен бизнес-қауымдастық өкілдері арасында екі жақты әріптестікті нығайту аясында үш меморандумға қол қойылып, бір келісім-шарт жасалды.
Келісілген бірінші құжат аясында Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында инвестиция және өндіріс саласы, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау саладарында әріптестік орнатылса, екінші меморандум Кентау трансформатор зауыты мен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг” кәсіпорны арасында трансформаторларды жеткізу аясында түзілді. Соңғы, үшінші меморандум «Шымкент» ӘКК» АҚ мен «Орал» ӘКК» АҚ арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында жасалды. Ал төртінші құжат – келісім-шарт «Шымкентцемент» АҚ мен BafkerHughes компаниялары арасында қол қойылды. Бұл келісім Қарашығанақ кен орнының қажеттілігін өтеу үшін іске асырылады.
Айта кетейік, бұл – БҚО өкілдерінің Оңтүстікке жасап отырған алғашқы іс-сапары емес. Биыл сәуір айында күнгейге ауыл шаруашылығы мен индустриалды аймақтарда атқарылып жатқан жұмыспен танысып, тәжірибе алмасу мақсатында батыстық делегация жұмыс сапарымен арнайы келген. Сонда жұмысшы топ құрамындағы кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары мен аудан әкімдіктерінің өкілдері – барлығы 30-дан астам батысқазақстандық Оңтүстіктегі ірі шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Кооператив құрудағы тәжірибелерімен алмасты.