Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев елімізге белгілі шығыстанушы, дінтанушы азамат Әбсаттар қажы Дербісәлімен кездесті.
Басқосуда тараптар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жөнінде әңгімелесіп, Оңтүстіктің тарихы, әдебиеті мен мәдениет, ұлттық бірігуі жайлы сөз қозғады.
Руханият саласында талай жылдардан бері түрлі зерттеулер жүргізіп келе жатқан әдебиет зерттеушісі облыс басшысын соңғы уақытта жарыққа шыққан еңбектерімен таныстырып, Оңтүстікке қатысты шығармалар топтамасын ұсынды. Оннан астам тарихи-филологиялық зерттеулер мен эсселердің, очерктердің авторы Ә.Дербісәлімен болған екеуара әңгімеде өңір басшысы ғалымның болашақ ұрпақ үшін үлкен іс атқарып жүргенін айтты.
Шығыстанушының зерттеуінше, барша тарихшылар айтып жүргендей Қожа Ахмет Яссауи Түркістаннан шыққан ең алғашқы ғалым емес, одан 100 жыл бұрын Абдулла Әли Яссауи атты оқымысты дүниеден өткен екен. Яғни, бұл азамат 1094 жылы қайтыс болған деп болжайды Әбсаттар қажы. Сонымен қатар, ол Үндістанның Кашмир қаласынан Яссауи бабамыздың 5-6 ұрпағын тауыпты. Испания астанасы Мадридтен де Яссауиге қатысты тарихи жәдігер – Яссауи трактатын тапқан жазушы қазіргі Сайрам ауданынан шыққан үш оқымысты – Низамиддин әз Сайрами, Әбдірахман әз Сайрами, Сайфаддин әз Сайрами есімді ғалымдардың еңбектерінің көшірмесін алыпты. Бұл жаңалықтары туралы халықаралық үлкен басқосуларда баяндап жүрген ғалым бұл мәліметтер түп-тұқиянымыздың тереңдігін нақтылауда болашақ ұрпақ үшін өте құнды дүние деп біледі.
Сонымен бірге, өз сөзінде, ежелгі Отырар қаласынан 30 Фарабидің шыққанын алға тартқан Ә.Дербісәлі Қазақстанның әрбір қаласы, соның ішінде Оңтүстіктегі әрбір шаһар терең тарихи сырды қойнауына бүгіп жатқанын меңзейді. Демек, алаштың дархан даласы қазына, байлығынан бөлек, рухани байлығы тасыған мекен екенін өз еңбектерімен тағы бір дәлелдеген шығыстанушы келешек ұрпақ үшін әлі де ізденуден талмайтынын жеткізді.
Жазушының еңбектерімен танысқан Жансейіт Қансейітұлы шығыстанушының Оңтүстікке қатысты еңбектерін жергілікті басылым беттері мен жеке баспаларда жариялап, ұлттың рухани байлығын толықтырып, оны көтеру жөнінде жауапты басшыларға тапсырма берді. Өз кезегінде, Әбсаттар Бағысбайұлы бұл нұсқауды Мемлекет басшысының рухани жаңғыру мақаласындағы тапсырмаларын жүзеге асыруда жақсы бастама екенін тілге тиек етті.
Одан соң, шығыстанушы Оңтүстіктің белсенді жастарымен кездесіп, руханият саласында пікір алмасты.