Күні кеше жазушы, «Құрмет», «Парасат» ордендері мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі Мархабат Байғұт 75 жасқа толды.
Осыған орай, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов жазушының шаңырағына арнайы барып, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің құттықтауын жеткізді. Дүниені дүрліктірген пандемия салдарынан бұл мерейтойды өз шаңырағында ғана атап өтіп жатқан Мархаббат Байғұт облыс басшысының ықыласына ризашылығын білдірді.
«Қалың көпшілік сізді әдебиет майталманы ғана емес, маңызды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарған білікті басшы ретінде таниды. Шығармашылық ізденіспен басталған өмір жолыңыз елдік қызметпен сабақтасып, тәуелсіздігіміздің іргетасын қалау жолында еңбек етуге ұласты» делінген облыс әкімінің құттықтау хатында.
Облыстағы зиялы қауым өкілдерінің көшбасшысы, аса көрнекті жазушы Мархабат Байғұт ақ тілегін жаудырып жатқан барша қазақ жұртшылығына айрықша алғысын жеткізді.
Қазақ руханиятының абыз ағасы, саяси белсенділігі аса жоғары жазушы Мархабат Байғұт қазақ әдебиетіндегі өз мектебін қалыптастырған тұлға. Оның әр жылдары жарық көрген «Қозапая», «Машаттағы махаббат», «Интернаттың баласы» сияқты туындылары көзі қарақты оқырманның сүйікті кітаптарына айналып, шығармалары әлемнің бірнеше тілдерінде жарыққа шыққан.
Өз тілшімізден.