Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мүшелерін қабылдады.
Қабылдауда аймақ ардагерлерінің жағдайы мен кеңестің қоғам өміріндегі маңызы және коронавирус індетінен сақтану шаралары талқыланды.
Бүгінде аудандық ардгерлер кеңесі белсенді жұмыс істеуде. Өңірде 15 бастауыш ардагер ұйымдары және 47 цехтық ұйымдар бар. Аталған ұйымдарға 7700 ардагер мүше.
Кездесуде аудан басшысы әр ауылдық округтің ардагерлерімен жеке танысып, ұсыныс- пікірлерін тыңдады.
Күн тәртібіндегі басты мәселелерінің бірі коронавирус пандемиясының алдын алу бойынша сақтық шараларын күшейту болды.
Жиында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Н.Тултаев індеттің таралу ахуалы бойынша қысқаша баяндап өтіп, алдын алу шараларын тарқатты.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы, «Елімізде карантин режимінің созылуына байланысты ауданымызда сақтық шаралары жалғасатын болады. Осы ретте өздеріңізбен бірге жаман аурудың алдын алу мақсатында ресми ақпарат көздеріне сүйене отырып, түсіндіру жұмыстарын бұқара халық арасында жүргізуге және ауыл аймақтарда жеке кәсібін ашуға қызығушылық танытқан азаматтар қатарын арттыруға насихат жұмыстарын жүргізуге шақырамын. Өйткені, жеке кәсіпкерлікті дамыту арқылы ғана біз, төтенше жағдай режимінен зардап шеккен экономикамызды қайта жаңғырта аламыз»-деп, ауданымыздың ұлт аралық достық пен ынтымақтың сақталуына және кейінгі ұрпаққа тәрбие беру жолында өлшеусіз үлес қосып жүрген қазыналы қарттарымызға зор денсаулық пен баянды ғұмыр тіледі.
Бүгінгі таңда аудан аумағында коронавирус індетінің алдын алу шаралары жүйелі түрде іске асуда. Бекітілген кестеге сәйкес халық көп шоғырланатын орындарда карантин режимінің шектеулерін түсіндіру жұмыстарымен қатар, залалсыздандыру шаралары іске асуда. Сонымен қатар, карантин режимінің аудан экономикасына келтірген залалын жою мақсатында нақты шаралар іске асуда.
Кездесу соңында ардагерлеріміз аудан басшысына ақ батасын беріп, жаңа қызметінде сәттілік тіледі. Сондай-ақ, әр қашанда ауданымыздың дамуы мен ішкі ахуал тұрақтылығын сақтауға бағытталған тың бастамаларға қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.
Өз тілшімізден