Оңтүстік Қазақстан облысы мен Словакия Республикасының арасындағы экономикалық қарым-қатынас одан әрі дами түспек. Екі жақты әріптестік әлеуетті арттыру мақсатында шетелдіктер өңіріміздегі денсаулық сақтау мен туризм саласына инвестиция салуға дайын. Бұл туралы Словакия Республикасының ҚР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Петер Юза бастаған делегация мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың кездесуінде мәлім болды.
Делегация құрамында Словакияның Оңтүстік Қазақстан облысындағы құрметті консулы лауазымынан үміткер Георгий Докучаев, «Investconcult» компаниясының директоры Сматана Мирослав және «Investconcult компаниясының қызметкері Алмаз Әбілмәжинов та бар.
Кездесу барысында тараптар Словакия мен Оңтүстік Қазақстан облысы арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға қатысты пікірлерімен бөлісті. Екі тарап күнгей мен Словакия арасында өзара тиімді әріптестікті дамытудың әлеуеті мол екенін айтты. Бұған қоса қонақтар біздің облысымыздағы денсаулық сақтау мен туризм саласында өздерінің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру ниеттері бар екенін жеткізді. Қонақтар сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысында құрметті консулдық ашу мәселесін де көтерді.
Өз кезегінде облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы қонақтарға сәтті қадам тілеп, өз тарапынан барлық мәселе бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Осы тұста биылғы қаңтар айында облысымызда Венгрияның құрметті консулдығы ашылғанын жеткізді.
«Қазіргі таңда облысымызда инвестиция құюға өте қолайлы жағдай жасалған. Бизнесті қолдап, дамытудың тиісті механизмдері қалыптасып отыр. Экономиканың басым салаларындағы бизнес-жобалар үшін мемлекет тарапынан барлық қолдаулар көрсетілетін болады», – деді Ж. Түймебаев.
Айта кетейік, Словакия бүгінгі таңда дамыған индустриалды-аграрлы ел саналады. Туристік әлеуеті де жақсы. Елдің табиғаты, таулары мен үңгірлері, тау-шаңғылы аймағы мен қалалары және көне қорғандары көптеген туристті қызықтырады. Бұған қоса автомобильді өндірісі де жақсы дамып келеді.
Кездесу соңында тараптар аталған салаларда да тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендіктерін жеткізді.