Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ СУРЕТШІЛЕРІ

ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ СУРЕТШІЛЕРІ

Оңтүстік Қазақстан облысы əкімдігінің үлкен мəжіліс залында облыстық мəдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтың қатысуымен «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясындағы ХХ-шы TURKSOY ұйымына мүше елдер суретшілері пленэрі бойынша дөңгелек үстел өтті.

Пленэрдің мақсаты – Тәуелсіз еліміздің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғасырлардан сыр шерткен қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштерін, тарихи орындар мен ұлттық өнерді насихаттау мақсатында түркі тілдес елдердің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері жəне талантты қылқалам шеберлерімен кескіндеме саласы бойынша өзара тәжірибе және пікір алмасуды жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қатар, Оңтүстік өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктері мен көз тартарлық орындарын бейнелейтін халықаралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасап, насихаттау. Бейнелеу өнерінде жаңа көркем бағыттар және пластикалық шешімдер мен формаларды іздестіру назарда.

Пленэрге 9 мемлекеттің, яғни, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Украина, Болгария, Молдавия елдерінен 17 суретші, ал елімізден Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларынан 13 кәсіби суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Көркем академиясының мүшелері және өнер профессорлары шақырылды.

Дөңгелек үстел барысында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Қадырұлы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда да аталған шараның маңызы зор екенін жеткізді.

Туған жердің киелі орындары мен тарихи мекендерін дәріптеп, ұрпақ баласына жеткізу, қылқалам өнері арқылы шексіз табиғат сұлулығы кеңістігін көрсету рухани жаңғыруды насихаттаудағы орны ерекше жоба саналады. Осы орайда, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының өкілі Санжар Мулазымоглу Қазақстанның сұлу мекендері суретшілер үшін шабыт шақырып, шығармашылық сезімін оятуға үндейтін бірден-бір жол екендігін айтты.

ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Сейсенхан Маханбетов өңірдегі киелі орындар мен табиғат аясын суреттеу және қылқалам шеберлерінің шығармашылық тұрғыда бас қосу шаралары Оңтүстікте жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын айта келе апта көлемінде бірнеше бағытта жүретін ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдер суретшілерінің плэнері де өзіндік тың дүниелермен толығатынына сенім білдірді.

Бұқаралық ақпарат құралдарымен кездескен қылқалам иелері киелі Түркістан қаласына жол тартты. Үш күн көлемінде рухани астананың көрікті жерлері мен кесене аумағынан этюдтік жұмыстар жүргізіліп, кестеге сәйкес Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі мен тарихи, мәдени ескерткіштер және Хан тағы, Қаратау қорығы аумағы, Бәйдібек ауданының Ақмешіт, Қостұра аймағы мен Қазығұрт, Сайрам-Өгем тау шатқалдары, Шымкент қаласының көрікті орындарында жалғасын табады.

2017 жылдың 22 тамызы күні облыстық Бейнелеу өнері музейінің көрме залында пленэр барысында салынған жұмыстардың қорытынды көрмесінің ашылу салтанаты мен марапаттау рәсімі өтетін болады.

Өз тілшімізден

Пікір жазу