Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » БҰЛ АПТА ДА ТЫҢ ЖАҢАЛЫҚТАР МЕН ҚАРБАЛАСҚА ТОЛЫ БОЛДЫ

БҰЛ АПТА ДА ТЫҢ ЖАҢАЛЫҚТАР МЕН ҚАРБАЛАСҚА ТОЛЫ БОЛДЫ


Жұрт назары ауып тұрған Мақтаарал ауданындағы Өргебас ауылы топан судан толық тазартылып, құрылыс басталды. Алғашқы бір үйдің қабырғасы қаланып, үш баспананың іргетасы құйылды.
Жалпы Өргебас ауылында 189 үй бар. Соның 138-нің иесіне үкімет тарапынан 17 млн. теңгенің 50 пайызы яғни, 8,5 млн. теңгесі беріліп қойды.
Дәл қазіргі уақытта мұнда 162 үйді бұзу және 45 баспананың іргетасын құю жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр. Ауылды күл-қоқыстан тазарту, үй бұзу, аула тазалау жұмыстары жалғасуда. Оған 175 адам мен 6 техника тартылған.

Сонымен бірге бүгін топан су шайған Фердауси ауылында алғашқы 10 үйдің іргетасы қаланды. Жалпы бұл ауылда 150 үй бұзылып, 80 баспананың іргетасын қалауға дайындық жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 470 жұмысшы атсалысқан.
Қазіргі кезде Фердаусидегі 141 отбасының әрқайсысына мемлекеттен бөлінетін 17 млн теңгенің 50 пайызы яғни әр жанұяға 8,5 млн теңгесі аударылған. Қазір тұрғындар осы қаржыға үй салуға қажетті құрылыс материалдарды алып, жұмыс басталып кетті.

Мырзакенттегі жаңа шағынауданда «Nur Otan» партиясы уәде еткен 20 үйдің де құрылысы қарқынды. Бұл үйлер партия филиалының қатаң бақылауында. Үйлер сапалы салынып, иелеріне тапсырылғанша назарда ұстаймыз. Партияның Түркістан облыстық және Мақтаарал аудандық филиалының өкілдері Мырзашөлде тұрақты түрде жұмыс істеуде. Апта басында партияның аудан, қалалық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Мақтааралдағы эвакуациялық орталықта ас беріп, қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. «Изуми» сауда үйінің басшысы атынан жалпы құны 1 млн. теңге болатын аяқ киімдер тапсырылды. Тұрғындармен жүздесіп, пікірлерін тыңдадық. Біз әрбір тұрғынның жаңа баспаналарын қабылдап алып, шаңырақтарына аман-есен орналасуына мүдделіміз.

Мақтааралға деген гуманитарлық көмек легі әлі тоқтаған жоқ. Апта басында Жетісу өңірінен 80 тоннадай құрылыс материалы тиелген керуен келді. Бұл гуманитарлық көмекті Алматы облысы әкімдігі мен «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы ұйымдастырып, жолдап отыр. Жалпы жетісулықтар қайырымдылық жасаудан көш бастап тұр. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысынан, Қазақстан халқы ассамблеясы атынан да гуманитарлық көмек жетті. Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде демалған мырзашөлдік 251 оқушыға «Аяла» қайырымдылық қоры киім-кешек пен кеңсе тауарларын тарту етті. Аяқ киім мен сөмкемен де қамтыды. Бұл демалыс балаларымыз үшін психологиялық тұрғыда үлкен қолдау болды деп есептеймін. Жалпы мемлекетіміз, жергілікті атқарушы органдар Мақтааралдағы ауылдарды қалпына келтіруге айрықша қамқорлық жасап жатыр. Оған ел куә. Кәсіпкерлер мен тұтас ел тарапынан да өте ауқымды көмек көрсетілуде. Бірлік пен еңбектің, сабырдың арқасында бұл қиындық та артта қалады.

Айтпақшы, партияға келіп түскен сұрақтарға байланысты облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаевты арнайы шақырдық. Партияның ашық алаңында тұрғындармен онлайн жүздестірдік. Биылғы ҰБТ, қашықтықтан оқыту және өзге де мәселелер сөз болды. Қуанарлығы, биыл тестке қатысуға ниет білдірген түркістандық түлектер 7 пайызға көбейген. 24 мыңнан астам түлектің 18634-і санитарлық талапты сақтай отырып тест тапсырады.

Облыс көлемінде «Біз біргеміз» акциясы жалғасуда. Қазірдің өзінде 35 мыңнан астам отбасына азық-түлік жеткізілді.
Қоғамдағы өзекті проблемаларды шешу, билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.

© «Nur Otan» партиясы
Түркістан облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары
Б.Тәжібаев

Пікір жазу