Түлкібас ауданында еңбекке қабілетті тұрғындарды жұмыспен қамту және өз кәсібін таба алмай жүрген жандарға арналған дәстүрлі бос жұмыс орындары мен лауазымды қызметтер жәрмеңкесі өтті.
Мақсат – жұмыс іздеп жүрген аудан тұрғындарына, олардың ішіндегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кәсіпорындар мен мекемелердегі бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыссыздарға бағыт көрсету. Өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына ықпал ету.
Бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкеде аудандағы 59 мекеме өздеріне қажетті 179 бос жұмыс орындарын ұсынды. Олар келушілерге өздеріндегі жұмыс орындары туралы мағлұмат беріп, қойылатын талаптарды түсіндірді.
Жәрмеңкеде әсіресе білім саласы бойынша яғни, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын, математика пәнінің мұғалімі және дәнекерлеуші, жүргізуші, электрик тағы басқа мамандықтары бойынша көптеген сұраныстар түсті.
Еңбек жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша ұсынылған бос жұмыс орындарына 87 азамат жолданды. Енді олар арнайы әңгімелесуден өтетін болады. Жұмыс берушінің талаптарына сай келетін болса, бұл азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, шара барысында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына қатысуға ниет білдірген 45 азаматтың құжаттары қабылданды.
Жалпы ауданда жыл басынан бері 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, 1044 адам жұмысқа орналасқан.