Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » МАЙДАНДА, ЕҢБЕКТЕ ОЗАТ БОЛҒАН

МАЙДАНДА, ЕҢБЕКТЕ ОЗАТ БОЛҒАН

Зиябеков Оразбек 1922 жылы 31 желтоқсанда бұрынғы Арыс, қазіргі Ордабасы ауданы Тоқсансай ауылында туылған. Өзінің қайтпас қайсар мінезі, Отанға деген патриоттық сезімінің арқасында соғыста да еңбекте де озат болды. «Социализм» қалқозында жұмыс істеп жүрген кезінде 1941-жылғы 12-желтоқсан айында қызыл Армия қатарына шақыртылып, майдан шебіне аттанады.

1941 жылғы Гитлер КСРО-ға шабуыл жасап соғыс ашқанынан бастап, аяғына дейін қатысты. Смоленск бағытындағы Калинин және І Балтық, ІІ Белорус майдандарында шайқасты. 1946-жылы елге оралып, бірқатар лауазымды қызмет атқарды. Қараспан ауылдық Кеңесінің хатшысы, атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерінде жұмыс жасаған. 1967-1982-жылдары «Қараспан» кеңшарында мақташылар бригадасын басқарған. 1967-жылы КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысып, қола медальмен (50 сом ақшалай сыйлығымен) марапатталды. Ол басқарған бригада әр гектардан көп жыл бойы 35-40 центнер аралығында тұрақты өнім жинады.

Сегізінші бесінші жылдық тапсырмаларын және В.И.Лениннің туылғанына 100 жыл толуы, Кеңестік Қазақстан мен Қазақстан Коммунистік партиясының 50 жылдығы құрметіне қабылдаған социалистік міндеттемелерді ойдағыдай орындағаны үшін 1971-жылы есімі облыстық «Еңбек данқы» кітабына жазылды.

Ленин, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туылғанына 100 жыл толу құрметіне», «Еңбек ардагері» медальдарымен, екі рет «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «10-бесжылдықтың екпіндісі», үш рет «КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысушы» төсбелгілерімен марапатталады.

Бас қолбасшы И.В.Сталиннен (екі рет), Кеңес Одағының маршалы Васильевскийден Алғыс хат алды. 1953, 1955, 1967-жылдары Қараспан ауылдық Кеңесінің үш шақырылымына депутат болып сайланды. 1992-жылы 11-қаңтарда дүниеден озды. Халықтың қалаулысы, үлгі тұтар азамат еді.

©Ордабасы оттары 

Пікір жазу