Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » МІНЕЗГЕ БАЙ, АСЫЛ АЗАМАТ ЕДІ

МІНЕЗГЕ БАЙ, АСЫЛ АЗАМАТ ЕДІ

Аманбайұлы Ерсұлтан 1919 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Шәуілдір (қазіргі Отырар) ауданында дүниеге келген. 1930-1936 жылдары «Кеңес» бастауыш және Жамбыл атындағы мектептерінде оқып, 7-жылдық білім алды. 1936 жылы Қызылорда қаласындағы мұғалімдер училищесіне түсіп, 1939 жылы бітірді. Сол жылы Қызылорда қаласынан Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. 1939-1941 жылдар аралығында Забайкал әскери округінде Отан алдындағы азаматтық борышын атқарған.

1941 жылғы мамыр айында Батыс Украинаға жіберілген. Бұл кезде фашистік Германияның Кеңестер Одағына тұтқиылдан соғыс ашуына онша көп уақыт қалған жоқ еді. Сол жылдың 24 маусымында майдан шебінде алғаш рет жаумен шайқасқа қатысты. Острого, Житомир, Киев, Полтава және Харьков қалаларындағы кеңес әскерлерінің сапында зұлым жаумен аянбай соғысып, жауынгерлік борышына адалдық танытты.

1942 жылдың қаңтарында Харьков пен Курск қалаларының ортасындағы Уразово станциясындағы қырғын шайқаста ауыр жарақат алып, Әзірбайжан КСР-інің Канлар қаласындағы әскери госпитальға түскен. Әскери комиссияның қорытындысымен әскер қатарына жарамсыз деп танылып, 1942 жылы мамыр айында еліне қайтарылған.

Елге, туған жерге аман-есен келіп, туған-туысқандарын, ағайындарын қуантып, азғана күн демалды. Содан кейін бейбіт еңбекке араласып кете барды. 1943 жылы аудандық оқу бөлімінің бұйрығымен «Отырар» орталау мектебінде әскери пәннен сабақ беретін мұғалім болып тағайындалған. Арада уақыт өткенде жауапкершілігі мол милиция қызметіне кіруге шешім қабылдады.

Сөйтіп, 1944 жылы Алматы қаласындағы НКВД мектебіне оқуға түсіп, оны 1945 жылы ойдағыдай бітірді. Осылайша Ерсұлтан Аманбайұлының қиыншылыққа толы милиция қызметі саласындағы өмір жолы жалғаса түсті. Бірте-бірте тәжірибе жинақтап, басшылық тарапынан алғыс иеленді, мінсіз қызметімен ұжымда абыройға бөленді.

1945-1961 жылдары Ильич, қазіргі Жетісай, Мақтарал және Сарыағаш аудандарында милицияның аға жедел уәкілі қызметін атқарған. 1961-1975 жылдары Созақ жене Алғабас /қазіргі Бәйдібек/ аудандарында Ішкі істер бөлімінің бастығы болды. 1975 жылы уақыты келіп, құрметпен зейнеткерлікке шыққан.

Ерсұлтан Аманбайұлының өзінің жүрек қалауымен таңдаған милиция саласындағы адал да қажырлы қызметі басшылық тарапынан лайықты бағаланды. Ол мемлекетіміздің 22 ордендерімен, медальдарымен наградталған. КСРО Ішкі істер Министрлігінің бұйрығымен «Отличник милиции» төсбелгісімен, есімі жазылған алтын қол сағатымен және бірнеше рет бағалы сыйлықтарымен марапатталған.

Облыстық Ішкі істер басқармасы бастығының бұйрығымен Құрмет Грамоталары және ақшалай-заттай сыйлықтар берілген. Милиция полковнигі Аманбайұлы Ерсұлтан қажы Отырар ауданының Құрметті азаматы болып табылады.
Аманбайұлы Ерсұлтан қажының өнегелі өмір жолын бүгінгі таңда ұлдары Серік‚ Берік және немересі Данияр жалғастыруда.

Ерсұлтан ағамыз ел-жұртқа елеулі, халқына қалаулы асыл азамат еді. Мінезге бай, кісілігіне іскерлігі сай, ақжарқын баладай сенгіш, ақ-көңіл, көргені мен көкейіне өргені көп жан болатын. Өйткені, тумысынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қасиетінен айнымастан адалдықпен өмір сүріп, басқаның ала жібін аттамастан өтті.

Бүгінде оның бауырынан өрген ұрпақты бүтіндей бір әулет десе де жарасады. 9 перзентінен 28 немере, 31 шөбере, 3 шөпшек өрбіген. Соның барлығының ел мен жерге, Отанға қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен орынды мақтан тұтатыны заңды.

©Ордабасы оттары

Пікір жазу