Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ЖОЛЫМЕН

ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ЖОЛЫМЕН

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізінде бастау алған Қаздауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойына арналған «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруені Оңтүстікке келіп жетті.

Халықаралық мәдени бастама киелі жер Отырар ауданында жалғасын тапты. 7 автокөлікпен шыққан 28 адамнан тұратын автокеруен мүшелері мен Қарағанды облысының ресми делегациясының сапында, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Омарбекова Рымбала, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры Оспанқұлов Ғабидолла, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Құттыбай Мирас  бар. Келген қонақтар алдымен Қазыбек бабамыз жерленген, ұлттық пантеонға айналған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы бұрылып, рухына құран бағыштады.

Игі жоба аясында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова бастаған күнгейлік көшбасшы жастар   аталған ресми делегация өкілдерімен кездесті. Бүгінгі Оңтүстіктегі жастар саясатының жүзеге асу барысымен таныстырды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жолдаған жоба-мақалаларын талдап, жастар өміріне ықпалын атап өтті. Сондай-ақ, өңірдегі мәселелердің   – жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзулышылықтың  да анағұрлым азайып, жолға қойылғанын марқая айтты.

Қуанышты ақпарды қостаған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев өз кезегінде аймақтағы жастолқынды салауатты өмір салтына шақырды. Елдің абыройы үшін тынымсыз еңбек пен үлкен ізденістің орны маңызды екенін екшеп, Оңтүстік жастарының қоғамдағы белсенділігіне, еткен еңбегіне тәнті екенін жасырған жоқ. Жиынның соңы  Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі қос басқарманың арасында ресми меморандум түзілуімен тәмамдалды. Енді жастардың мүддесі үшін  қызмет атқаратын басқармалар өзара тәжірибе алмасып, жастардың мәселелерін жоюда жұмыла жұмыс жасайды.

Керуен аясында Қазақстан Республикасының дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Абдуллаұлы Оспанқұлов облыстық жастар ресурстық орталығына арнайы келіп, облыстағы жастар саясатының жүзеге асуымен, тыныс-тіршілігімен танысты. Шалғай  аудан-қалалардағы жастолқынның жәйін де ұмыт қалдырған жоқ, Түркістан және Кентаудағы жастар орталығы мекемелеріне арнайы бұрылып, ондағы жас мамандармен кездесті. Жастардың білім мен ғылымдағы, мәдениет пен өнердегі, спорттағы жетістіктерін көріп, марқайды. Жазғы маусымдағы жобаларды саралап, жастар уақытының тиімді өрбіп жатқанына көз жеткізді. Оң бағасын берді.

Ғабидолла Абдуллаұлы сөзінің соңын «Жастардың болашағы үшін – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдаған жоба-бағдарламаларының орны зор. Бүгінгі Оңтүстік жастарының жетістігі, қазіргі көрінісі – Елбасымыздың сарабдал саясатының жүйелі жүзеге асуы деп білемін. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамаларымен таныстым. Үнемі ізденіс пен жауапкершіліктің жүгін сезіну арқылы атқарылған жұмыстар екені көрініп тұр. Расында, жастар саясатын жүзеге асыруда көш бастаушы Оңтүстік өңірі өзге де облыстарға үлгі бола алатыны қуантады. Осындай өзара тәжірибе алмасу, игі жобалар арқылы Еліміздегі жастардың өмірі жақсарып, келешегі жарқын болатынына сенім мол!», – деп қорытындылады. Айта өтетін ақпарат, бүгінде бір ғана Оңтүстік өңірінде 748 мыңнан астам жас бар.

Өз тілшімізден

Пікір жазу