Оңтүстік Қазақстан облысындағы этномәдени бірлестіктің төрғалары мен жастар қанатының жетекшілері өңіріміздегі тарихи, киелі орындарымен танысып қайтты.
Елбасының бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын іске асыруды көздеген этнографиялық экспедиция мүшелері алдымен бірліктің бастауы болған Ордабасы тауына барды. Тутөбенің тарихымен танысып, бабалар аманаты да, бүгінгі Қазақ елінің ұраны да – бірлік пен ынтымақ екенін сөз етті.
Облыстық ассамблея төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов бір үйдің баласындай болған өңірлік ассамблея атынан «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының мұражайына көне тұрмыстық бұйымды тарту етті.
Одан кейін экспедиция мүшелері ежелгі Отырар, Сауран қалашығында, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, тарихи нысандардың рухани, мәдени құндылықтарымен терең танысты.
Қасиетті орындардың сырына қаныққан ассамблея мүшелері Елбасының «Туған жер» бағдарламасы барша қазақстандықтардың рухын көтеріп, патриоттық сезімін жоғарылатуға ықпал ететінін айтты.
Елімізде рухани жаңғыруға бастайтын бағдарлама осылай этнос өкілдері тарапынан қолдау табуда. Игі шара алдағы уақытта да жалғасын тауып, аймақтағы тарихи орындарға әр этномәдени бірлестіктердің саяхаттарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.