Кез келген мемлекеттің дамуы мен өркендеуі- сан түрлі мамандық пен сан түрлі кәсіп иелерінің еңбегімен іске асатыны белгілі. Алайда, қоғамның бір тұтқасын – қапарайым мамандық иелерінің ұстап тұрғаны анық. Сондықтан, қай елде болсын, мемлекеттің дамуына зор үлес қосатын орта буын кәсіп иелерін оқыту- басты мақсаттардың бірі. Мұндай үрдіс біздің елімізде де жалғасын тауып келеді. Мәселен, Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекенінде орналасқан № 18 колледж бұл бағытта тындырымды тірлік атқаруда.
Бұл туралы «On’tu’stik» телеарнасының тілшісі М.Атабектің материалына сілтеме жасаған DIDARBEK.kz хабарлайды.
Шұбар елді мекенінде орналасқан № 18 кәсіптік- техникалық бұл колледж 1959 жылы ашылған. Міне, содан бергі уақытта бұл оқу орны қоғамға қажет мыңдаған шәкірттер тәрбиелеп, қанаттандырып шығарды. Бүгінде колледж заман ағымына қарай қайта құрылып, қоғамға қажет мамандар даярлауда.
Колледждің материалдық техникалық базасы заманауи құралдармен жабдықталған. Оқушылар өздері таңдаған мамандық бойынша өз кәсіптерін терең игеру үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Алайда әлемді жайлаған індетке байланысты қазір колледжде сабақ қашықтан оқытылуда. Бұл тұрғыда оқу орнының ұстаздары лайықты жұмыс атқарса, ал оған оқушылар да белсенділік танытуда.
Жалпы, қазіргі таңда бұл колледждегі шәкірттер «автослесарь», «сандық ақпаратты қайта өңдеу», «дәнекерлеу ісі» және «ауыл шаруашылық өндірісіндегі таракторист- машинисі» мен «аспазшы» сынды бес мамандық бойынша дәріс алады. Ал, мұны ойдағыдай бітіргендер ешқашан да жұмыссыз қалмайды,- дейді ұстаздар.
Жалпы, мамандықтың да, кәсіптің де үлкен -кішісі жоқ. Және оның нашары да болмайды. Тек, оны лайықты таңдап, сүйе білсеңіз болғаны. Елге, қоғамға аса қажет қарапайым кәсіп иесі атанғысы келген түлектердің уақыты келіп тұрғанда осындай оқу орындарын таңдай білгені жөн.
© DIDARBEK.kz