«ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі жəне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын насихаттауға арналған Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері аясында шығармашылық жұмыстарда туған ел табиғатын бейнелеуде өзіндік қайталанбас қолтаңбасын қалдырған суретшілердің таңдаулы туындылары дәл бүгін 29 тамызынан бастап «Has Sanat» өнер галереясында күнгей өлке суретшілерінің көрмесі Елорда қонақтары мен өнер сүйер қауым назарына ұсынылады.
Көрменің мақсаты – Оңтүстік өңірі суретшілерінің шығармашылық жұмыстарын, шеберлік өнерін, өлкеміздің салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін, сондай-ақ өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктер мен терең сырға бай тарихи орындарды бейнелейтін халықаралық деңгейдегі өнер шығармаларын қалың жұртшылыққа насихаттау.
Көрменің құнды жәдігерлері арасында өлкеде туылған халық суретшісі Сабыр Мәмбеевтің музей қорындағы «Ыстық көл», Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тоқболат Тоғысбаевтың «Ұйқыдағы бала», Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Гулфайрус Ысмайылованың «Накипованың портреті», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Оспанов Айнабектің «Бақытты күн», Қазығұлов Алпысбайдың «Жолда», Маханбетов Сейсенханның «Түлкібас таулары», Қыстаубаев Керімбайдың «Тау самалы», ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Шоранов Өсербайдың «Хан кене» сынды көптеген ерекше туындылары бар.
ҚР Мәдениет қайраткерлері Жорабеков Серіктің «Базар», Айдосов Әнуарбектің «Достық алаңы» сынды бейнелеу өнері тарихында терең із қалдырған суретші-кескіндемешілер, елімізге белгілі ҚСО мүшелері Көшкінбаев Ұзақбай, Жетпісалиев Мұрат, Қансейт Қарлығаш, Шаржанов Араншы, Палымбетов Ерғали, Абдулов Равиль, Бертаев Бейбіт, Алимкулова Шахар-бану т.б. белгілі суретшілердің де жұмыстары көрмеде орналастырылуда.