Түркістан облысының Мақтаарал ауданына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Нусуратулла Пардаев барды. Делегация құрамына Федерацияның мүшелік ұйымдары басшылары — Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері республикалық салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы төрағасы Сұлтан Қалиев, Химия, мұнай-химия және өндірістің тектес салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы Керім Пірімқұлұлы, Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы басшысы Берік Бекжанов және қоғам қайраткері Көпен Әмірбек кірді.
Бұл іс-шарадан бұрын ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевпен кездесті. Кездесу барысында аймақ басшысы ҚР Кәсіподақтар федерациясына қиын да күрделі жағдайға тап болған адамдарға қамқорлық танытып, қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.
Тараптар өткен жылғы қазанда қол қойылған Меморандум аясында әлеуметтік әріптестердің өзара байланысының алдағы жоспарларын талқылады. ҚРКФ төрағасының ақпараты бойынша өкінішке қарай республика бойынша өндірістік жарақат фактілерінің өсімі байқалуда. Осылайша, жылдың басынан бес ай ішіндегі мәліметтер бойынша Қазақстан кәсіпорындарындағы жұмыс орындарында алынған жарақаттар нәтижесінде 552 адам зардап шексе, 65 адам қаза болды. Соның ішінде, Түркістан облысында өндірісте 29 жазатайым жағдай орын алды, 34 адам зардап шекті, 5 адам қаза болды. Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, көп жағдайда бұл жазатайым оқиғалар өндірістік кеңестер мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жоқ кәсіпорындарда орын алған.
Кездесу барысында COVID-19 пандемиясы кезеңінде білім беру саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесіне жіті көңіл бөлінді. Соның ішінде, ҚРКФ төрағасы атап өткендей, Шардара ауданының білім беру саласы қызметкерлеріне жергілікті бюджеттен коммуналды қызметтер үшін төлем жасалмайды, Қазығұрт, Түлкібас және Шардара аудандарында тегін медициналық тексерулер өткізілмейді.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі көрсетілген мәселелердің ерекше өзектілігін атап өтті. Тараптар жуық арада әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия қарауына еңбек саласына қатысты барлық өзекті мәселелерді шығаруға келісті.
Кездесу соңында Өмірзақ Шүкеев еліміздегі кәсіподақтардың жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы рөлінің маңыздылығын атап өтті.
18 маусымда ҚРКФ төрағасының жұмыс сапары аймақтың еңбек ұжымдарымен және Түркістан облысының кәсіподақ активімен кездесумен жалғасады.
Өз тілшімізден