Шымкент қаласында қазіргі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, жол жөндеу жұмысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ, құрылысшылар нысанды мерзімінен бұрын тапсыруды жоспарлап отыр. Қаладағы автомобиль жолдарының құрылысымен танысқан БАҚ өкілдері бірнеше нысандағы жөндеу жұмысының барысын көрді.
Әуелі «Ақжайық» шағынаудынындағы Сырым батыр көшесінде болып, бүгінге дейін атқарылған тірліктің куәсі болды. Аталған көшеде орташа дәрежедегі жөндеу жұмысы жүруде. Жөндеу жұмысының жалпы ұзындығы — 4,8 шақырым. Қазіргі таңда көлік қатынастың көбеюіне байланысты жолдың ені де 1-1,5 метрге кеңейтілген. Құрылысты «АНДАС ГРУП» мердігер компаниясы жүргізуде.
– Жолдың құрылысы кестеге сай жүргізілуде. Қазірге дейін бөлінген 423 млн. теңге қаржының жартысын игердік. Аяқталу мерзімі осы жылдың тамыз айы. Нысанның құрылысын өз мерзімінде аяқтауды жоспарлап отырмыз, — дейді жол құрылысы учаскесінің басшысы М.Бекбауов.
Келесі құрылысы қызу жүріп жатқан көше – Байтұрсынов көшесінің Арғынбеков көшесі қиылысынан дендросаябаққа дейінгі бөлігі. Аталған жолдың бөлігіне бүгінге дейін тек шағал тас төселінген болатын. Қазір мұнда асфальт төселініп, жаяу жүргіншілер жолы, веложол және ирригация жүйесі қарастырылған. Жолдың ұзындығы — 500 метр. Қазір мұнда 8 техника және 48 жұмысшы нысанды мерзімінен бұрын аяқтауы үшін тынымсыз еңбектенуде.
Қаладағы қайта жөндеу жұмысы жүріп жатқан жолдың бірі Жангелдин көшесі. Бүгінде монтаждау жұмысы аяқталып, бірінші қабат асфальт төселініп жатыр және жөндеу жұмысы барысында ирригация жүйесі де қайта жөнделіп, жолдың жиектастары ауыстырылады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары А.Тұрхановтың сөзінше, қаладағы жол құрылысының басым бөлігін осы жылдың тамыз айында аяқталады.
– Шымкент қаласында осы жылы 45 мердігер мекеме 414 шақырым жолды қайта құру және күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді бастады. Құрылыс жұмысына 2300-ге жуық жұмысшы және 400 техника жұмылдырылған. Қаладағы ішкі орам көше құрылысының 80 пайызы тамыз айында аяқталса, негізгі орталық көшелердің құрылысы қазан және қараша айларында толығымен пайдалануға тапсыру жоспарланған. Сонымен қатар, қаладағы автомобиль жолдарын қайта құру және орта дәрежедегі жөндеу жұмысына бюджеттен 27 млрд. теңге қаржы бөлініп, бүгінге дейін 9 млрд теңге қаржы игерілген. Жыл соңына дейін барлық қаржыны игеріліп, жол құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз,- дейді А.Тұрханов.
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы