«ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында астаналық цирк сүйер көрерменге жол тартқан «Томирис» қойылымы еліміздегі цирктер тарихында тұңғыш рет қолға алынған тарихи-театрландырылған көрініс болып отыр. Қойылымның бас режиссері – Данияр Серікбаев. Сақтар дәуіріндегі қазақ даласын мекендеген еркін, азат, рухы биік, қайсар халықтың өмірін көрсете отырып, ұлы даланың қадір-қасиетін ұрпаққа насихаттайтын қойылымда қазақ қызының қайсарлығы, тектілігі мен даналығы, Тұмар (Томирис) ханшайымы мен Кир патшасының арасындағы байланыс, қақтығыс, қақтығыстың шешілуі кеңінен көрсетілді. Цирктік жанрлармен қамтылған тарихи бейнелерді «Оңтүстік-Цирктің» әртістері ойнап шықса, басты рөлдерде Томирис ханшайымның кішкене кезін жас арыстандармен алыса асыр-салған мекеменің ең жас әртісі – Айша Сайрамбай сомдаса, Томирис ханшайымды – Айгүл Перекеева, Кир патшасын Бегалиев Мақсат сахналады. Қойылым 95 минутты қамтиды. Қойылым барысында клоундар мен акробаттар, әуе гимнастары мен қиыннан қиысқан трюктер арқылы жауынгерлік үлгісін көрсететін ат өнерінің жігіттері, жыртқыш аңдар мен жан-жануарлар әлемі қызықты нөмірлерімен жаңа образдарды ойнап шықты.