Оңтүстіктің белсенді және талантты жастары Астанағы Оңтүстік өңірінің күндері аясында жергілікті жұртты ертеңгі Құрбан айт мейрамымен құттықтап, жергілікті халық пен шетелдік қонақтарға 5000 қалташа яғни, 450 келі тəтті тоқаш таратты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында ұйымдасқан жастар Құрбан айтпен құттықтау шеруін бас қаладағы «Хан шатыр» ойын-сауық орталығынан бастап, қоғамдық көліктерді де аралады. Құрбан айтпен құттықтаушылардың бағдарламасында, тіпті, «ЭКСПО» қалашығының маңындағы халайыққа да балғын бауырсақтан дәм татқызу жоспары бар.
Ұлттық өлеңдердің түр-түрін түрлі аспаптарда құйқылжыта орындап жүрген талантты жастар елордадағы негізгі – адам қарасы көп жиналатын жерлерде таратты. Шарапаты мол шараға еріктілер мен жас домбырашылар жұмылдырылды. Ұлттық әндермен қатар, белгілі сазгер Ш.Қалдаяқовтың шығармаларынан попурри орындап, шаһар халқын «Бәйтерек» алаңында өтетін «Астананың жұлдызды түні» жастардың думанды кешін тамашалауға шақырды.
«Астананың жұлдызды түні» думанды кешінде Оңтүстіктен шыққан Қазақстанның эстрада жұлдыздары – «Жігіттер» квартеті, Ғазизхан Шекербеков, елімізге танымал барабаншы «Бурхан-стайл», жас әншілер «Boys band» триосы Астана аспанын әнмен әуелейді деп күтілуде. Сондай-ақ, «GK» би тобы заманауи «брейк» билерін, «13-Legion» клубының жастары көше спортының өнерлерін көрсетіп, бас қала тұрғындары мен қонақтарын тәнті етпекші. Көңілді тапқырлар клубының таланттары да осынау шараға өз үлесін қосып, кеш соңы жастардың би кешіне ұласады.