Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ЭКСПО – 2017: Шымкентше тойлау

ЭКСПО – 2017: Шымкентше тойлау

Соғымнан қалған сыбағаны алты ай сүрлеп, сыйлы қонағына асып бергені секілді ЭКСПО-ның асабасы ОҚО күндерін ең соңында бекерден-бекер сақтамапты. ОҚО бірден «ОХО» дегізді.

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет пен байлық паш етілетін 43 мәдени көпшілік іс-шараның барлығы “ТЕГІН” өткізілуде. Туристер “Жарықтық Карл Маркс аңсаған “Коммунизм” мұнда екен ғой”, – деп таңданысын жасыра алмады…

Бұндайды бұрын-соңды көрмеген Елорда тұрғындары Жетісайдың экспорттан қалған қауын-қарбызынан дәм татып, қуаныштарын білдіріп жатты.

Тағы да тегін 5 мың қорап бауырсақ. Өңірдің филолог әкімі Ж.Түймебаевтың: “Біз таңғалдыру үшін емес, тамсандыру үшін келдік”, – дегеніндей, “Шымкентмайға” пісірілген бауырсақтың дәміне бас қалалықтар тағы да тамсанды.

“Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт” – Оңтүстік өнерпаздарына құрмет. ЭКСПО шаһарын мезеттік ән мен жырдың қаласына айналдырды. Айлығы шайлығына жетпейтін мәдениет саласы қызметкерлері не жетіскенінен жүр дейсіз? Сол “Шымкентке көзі түзу болсын”, – деп Астананың Арбатын аралап әндетіп жүр. Билеті бір қойдың құнына пара-пар шымкенттік танымал әзіл-сықақ және сатира театрлары Астана жұртына тиынсыз ашылып, тойға 2-3 мың долларсыз келмейтін Тукалар сонда өнер көрсетіп жүр.

Бұл аздай, 600 домбырашы күй күмбірлетіп, жастар Шәмші әндерінен бастаңғы беруде. Этноауылда, ЭКСПО қалашығында ОҚО қонақжайлылықтың ерен үлгісін көрсетті. Диқанкөлдің қымызы, Маяқұмның шұбаты дәм татушылардың ерініне тиіп, таңдайында қалды.

Иә, бұл – жекелеген азаматтардың еңбегі ғана емес, еңбекқор Оңтүстік жұртының тынымсыз тірліктегі ұйысқан бірлігінің жемісі.

Шындарыңды айтыңдаршы! Шымкентті сырттай даттап жүргендеріңмен, іштей жақсы көресіңдер ғой, ә?!.

Фото Нұршата Төкена.

Айтпақшы, ертең жұма, Құрбан айт мерекесіне орай қазан-қазан палау таратылалы. Ыстық мекеннің буы бұрқыраған дәмінен ауыз тиіңіздер! Барғандарыңыз фотодағы ағайды көріп қалуларыңыз әбден мүмкін.

© Нұршат ТӨКЕН

Пікір жазу