Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » ОҚО ӘКІМІ ЖАНСЕЙІТ ҚАНСЕЙІТҰЛЫ ТҮЙМЕБАЕВҚА АШЫҚ ХАТ

ОҚО ӘКІМІ ЖАНСЕЙІТ ҚАНСЕЙІТҰЛЫ ТҮЙМЕБАЕВҚА АШЫҚ ХАТ

Бұл ашық хаттың жазылғанына да біраз болған. Жазыла салысымен үн қосуға талпынғанбыз. Жариялайтын да болғанбыз. Алайда мақала авторы өзіне бір жоғары лауазымды шенеунік хабарласқанын айтып, тоқтата тұруды өтінгенді. Одан бері де 3 айдан асыпты. Баяғы жартас – сол жартас. Қозғалыс жоқ. Хатқа жауап та берілмепті. Хатқа екі аптада жауап берілуі керектігін ескерсек, облыстық әкімдік қызметкерлерінің бұл салғырттығын қалай түсінеміз?

Тура бір аптадан соң Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланды. Ол бойынша да облыстың идеология саласына жауаптылар не атқарып жатқаны қалың бұқараға мәлім емес. Мақалада Ұлттық бірегейлікті сақтау туралы арнайы тоқталған. Ашық хатта да көтерілген мәселенің бірі дәл сол Ұлттық бірегейлік турасында емес пе? Ендеше неге хатқа жауап бермейді. Әлде облыстың ішкі саясаты Елбасымыздың саясатына қарсы ма? Ашық хат қалың бұқараға жетсін деп жариялауды жөн көрдік.

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Жансейіт Қансейітұлы!

Соңғы жылдары шетелдік арнайы қызметтердің «х-жобалары» арнасында қызмет ететін түрлі, дін атын жамылған «ағымдар» еліміздің барлық аймақтарында белсенді түрде жұмыс жасап, мыңдаған азаматтарды өздерінің сферасына тартып алды. Елімізді бір бірін кешірмейтін топтарға бөле алды. Жайшылықта «руға бөлінуді» теріс құбылыс санап келгендердің үні өшті, себебі бұрынғыдай «қырық руға» емес, бүгінгідей «қырық дінге» бөліну – түсімізге де кірмеген, үңірейген түнек, жүректі мұздатқан тажалды қорқыныш боп шықты. Басында, 90-жылдары «бұлай жүрсек, ертең дінге бөліну басталады, ел бұзылады» деп қоңыраулатқан біздерді билік басындағылар «бәле де жоқ, бұлар әшейін билікке таласып жатыр, өкіметке сыймаған соң діндегі билікке құмартып жүр» деп сөз тарқатты. Міне, сол кездері айтылған «трагедиялық болашақтың қара тұманы», өкінішке орай, бүгіннің шындығына айналды және ел ортасына келіп жетіп, демімізді аямай бууда. Өзіңіз білесіз, облыстық деңгейдегі, қалалық деңгейдегі ішкі саясат та, дін басқармасы да, халық ассамблеясы да ешқандай реал өмірге байланысты стратегиялық, тактикалық жоспарлар жасамайды. Сіздің орынбасарыңыз Ұласбек Сәдібеков басқарған кезде қалыптасқан агрессивті, мағыналы, ішкі саясат принциптерінің бүгінде исі де жоқ. «Бес жылдан соң облыстағы орташа азаматтың рухани, қоғамдық, саяси және діни келбеті былай болу керек. Ал, облыстағы діни карта былай өзгеру керек. Ұлт мәселесінде бес жылдан соң мынадай ахуалды қалыптастыруымыз керек. Ол үшін, міне, биылғы біржылдық, міне, үш жылдық жоспар» дейтін үрдіс жоқ. Аталмыш құрылымдардың жұмысы тек қана облыс басшылығы бекіткен, мағыналық тұрғыда басы да, аяғы да жоқ, календардағы мейрамдарға негізделген іс-шаралар жоспарларын орындау, ақшаларын игеру. Үш жүз – төрт жүз адам қатысқан шараға ақшаны жаратып, «облысты тәрбиеледік» деп рапорт беру. Пікір айтатындардың «үнін өшіру», оларды өздерінің емес, мемлекеттің қаржысына және мемлекет мүддесі үшін жасалып жатқан түрлі шараларға келтірмеу, кез келген жолмен олардың сол шараларға қатысуын болдырмау. Егер өздерін сынап жатса және анау-мынау амалға онысын қоймаса, онда мемлекеттің мүддесі үшін БАҚ саласына бөлінген қаржыларды «өзі отырған уақытта мүлгіген тыныштықты бұздырмау үшін» сынаушыға «жақсы лот» беріп аузын жабу. Жоғарының хаттарына уақтылы жауап беру. Бопты ғой. Байлардың баласы өсу керек. Бізде қазір биліктегілер династия жасауды модаға айналдырып жатыр ғой, депутаттың баласы депутат, әкімнің баласы әкім болу керек, мұның бәріне біз әлдеқашан көнгенбіз, және болашақта да көз жұма салар едік.

Егер көз алдымызда азаттығына енді қол жеткізген қазақ ұлты өзінің құлдыққа дейін қандай болғанын есіне түсіріп үлгіре алмай жатып, орыстың ноқтасынан басын суырып ала сала араптың ноқтасына басын тығып жатпаса. Ұлттық қасиеттерімізді жек көретіндер, «өздерінен басқаны ширк деп санап, билікке жетсе бөтендерді, яғни біздерді кәпір деп жариялап, ел алдында өлтіріп, мүлкімізді, бала-шағамыз бен әйелдерімізді тартып алуға болады, ұнамаса, құлдыққа сатуға болады» деп есептейтіндер күн сайын күш алып, көз алдымызда ұлттық рухымызды жыртып, соғыссыз-ақ рухани кеңістігімізді басып алып жатпаса… Мыңдаған жылдар ешкім тиісуге бата алмаған киелермізге де қол сұғып, әулиелі орындарымыздың лауазымды қызметтерін пара беру арқылы тартып алып, күн сайын зиаратқа келіп жатқан мыңдаған бауырларымызды өз киемізден өз елімізде, өз жерімізде, тал түсте жерітіп жатпаса… Көшелерімізде жағымсыз сақал қойып, балағын кескендер күннен-күнге көбеймесе.. Мешіттерде талтайып тұрып алып біздерге орын бермей, арсыздығымен өз елімізде өзімізді қорлағандар көбейіп бара жатпаса… Әкім мырза, шынымен-ақ қатын-бала-шағамызды тартып алып құлдыққа сатуды өздеріне мақсат және мәртебе деп санайтындарға қарсы күреспей отыра береміз бе? Алдымен айтарым, маған ешқандай басқарманың бастығының орны, жалпы қызмет керек емес. Өз қызметім бар, разымын. Хат жазуымның бірден бір себебі – бүгін әлі кеш емес. Әлі жағдайды өзгертуге, яғни Сириядағыдай, Ливиядағыдай күні ертең келіп жететін дінаралық қантөгістің, азаматтық текетірестің алдын алуға болады. Күн санап тарылып, жайлап одүниелік болып бара жатқан ұлттық рухты ажалдан сақтап қалуға болады. Өз қызметін қорғау үшін біз сияқтыларды қоғамдық аренадан сыртқа итеріп отыру, жиындарда сөйлеп қалып, оларды сынап қоймау үшін дүние жүзі білсе де жоспарлы іс-шараны менен ғана жасыруға бар күшті салу – сіздің орынбасарларыңыз бен басқарма басшыларыңыздың «үйреншікті ойыны». Бірақ, олардың өкінішіне орай, мұндай ойындардың уақыты өтті. Ондай «роскошьты» біздің жағдай «уже» көтермейді. Ондай ойындар олардың жеке өзіне тиімді болғанмен, ел арасында жұмыстың жақсарып, ел рухани келбетінің дұрысталуына ешқандай сеп болмады. Бүгінгі күнге дейін біз иеговадан, ваххабтан, евронасихаттан тек ұтылған үстіне ұтылып келе жатырмыз. Түрлі ГМО, консервілеудегі улы химикаттар қосылған азық-түлік ұлтымызды тәни құрдымға сүйресе, Рухымызды индивидуализмді ту етіп, біржынысты некені насихаттаған «евродемократия» бір шетінен жұлмаласа, екінші шеттен ең асылымыз – ұлттық салт-дәстүрімізді ширкке шығарып, сауди араптың сұрқай да бейадам өміріне сүйреп ваххабизм жыртқылауда. Одан қалғанын «бізден басқаның бәрі «тірі өліктер» дейтін иегова жалмап жатыр. Яғни, қайда барсаң – Қорқыттың көрі болып тұр… Егер билікке өзіміз үшін емес, еліміз үшін келген болсақ, онда осы ұлтымызды жалмаушы күштерден ұтылғанымызды мойындап, осыған дейінгі аталмыш бағыттардағы барлық жұмыс түрлерінен, әдістерімізден, стратегия-тактикамыздан түгелдей бас тартып, оларды эффективті, қисынды әрекет түрлеріне ауыстыруға міндеттіміз. Тал түсте, өз билігіміз өз қолымызда тұрған кезде, араптың, парсының эмиссарларына елімізді қорлыққа беріп қойып, қарап отырмайық, әкім мырза. Құдайдың құтты күні соғыссыз-ақ, оқ атылмай-ақ, жау шаппай-ақ ұлтымыз талай перзенттерінен тірідей айрылуда… Олар қазір өз халқына жиіркенішпен қарап, біздерді рұқсат берсе тірідей союға даяр… Біз бүгін осындай бейшара, аянышты жағдайдамыз… Қызмет деген ұлт тағдырынан артық емес, ертең о дүниеде әруақтар бізді кешірмейді, ағасы. Бәріміз бірігіп, діни, ұлттық болмысымызды қорғап қалайық. Қазақ басқаға ұқсауды аңсаған бейшара құлдық сезімнен арыла алады. Біз тіпті, өз өмір салтын, өз принциптерін басқаларға, күллі әлемге ұсына алатын елміз. Ұсына алатын, бәсекеге қабілетті, басқаларға шамшырақ және үлгі боларлық қасиеттеріміз баршылық, тек осы бағытта жасампаз жұмыстар істесек болғаны.

Егер орынбасарларыңыздан, басқарма басшыларыңыздан сұрасаңыз, мен туралы талай жаман нәрсені айтар, бірақ ақшақор, мансапқор дей алмас. Екі-үш рет қызметте қудалауға түскем, тек ешқайсысында жеке мүддем үшін кеткен емеспін. Тып-тыныш коммуналдық-шаруашылық салада жүре берсем, ешкім айып таға алмас, тек бүгінгі үркінішті де үмітсіз, күйреңкі де ұтылымпаз ахуал шыдатпады. Өмірімді ұлт азаттығы үшін күреске арнаған адаммын, мұны көпшілік біледі. Сондықтан осы бәлекеттен құтылу жолдарын ақылдасуға мені шақырыңыз дей отырып, «мақсаты көзге көрініп қызметке іліну» деп ойламауыңызды сұраймын. Бұған дейін де үлкен, ұлтаралық жанжалдар, әлеуметтік текетірестерді шешу, саяси ойындарда билік жағының позициясын қалыптастырып, оны ел арасында табысты түрде насихаттау сияқты жобаларды орындағанмын. Абырой мен беделдің шыңына шығып тұрып ел мүддесін сатпау үшін бәрінен айрылып, қудалауға түсуден аяқ тартпаған адаммын. Сондықтан тәжірибем жетерлік.

Біздің соңғы үлкен тірлігіміз — 2015 жылы арнайы жасаған бағдарламамыз. Мақсаты – ұлттық жадты ояту арқылы ел санасында теріс ағымдарға қарсы иммунитет енгізу, адамдардың санасында азаматтық позиция, азаматтық жауапкершілік сезімдерін ояту, жамағат пен биліктің арасында мықты сенім, әріптестік көпірін қалыптастырып, қоғамды билік төңірегіне топтастыру арқылы «түрлі түсті революция» жасаушылардың жолын кесу, масылдықтың тамырына балта шабу, отбасылық мәселеде ажырасуды азайту, бала тәрбиесінде ұлттық нормаларға көшу, «түгендеу» принципін жаңғырту арқылы жезөкшелік, нашақорлық, маскүнемдік құбылыстарының ауқымын азайту, жастардың теріс ағымдарға өтуіне, оғаш қылықтарға үйренуіне сенімді тосқауылдар қою.

Айлар бойы ауылдарды араладық. Жұмыс істедік. Елге ұнады. Облыс әкімі қолдап отырды. Ол кісінің айтқанын екі етпедік. Облыстық мәслихаттың оннан аса депутаты қосылып, олар да шын жүрекпен ешқандай ақысыз өздерінің қомақты үлестерін қосып жатты. Ауылдарда ақсақалдар қауымы сол бағдарламаны орындауға кірісіп кетті. Бұл бірақ биліктегі кейбіреулерге қатты ұнамады. Билігімізге таласады деп қорықты. Осылай, республикалық финполды, жергілікті құқықшыларды тартып, қозғалыс лидерлерінің әрқайсысына «қылмыстық іс» дайындап, қорқытып, мәжбүрлеп, осы тірліктен бездірді. Әрине, олардың мұнысы – мемлекет мүддесіне қарсы, бірақ біз оны дәлелдеуге жағдайымыз жетпеді.

Жарайды, сонымен біз қойдық. Бірақ елді «ваххабизмнен», «рухсыздықтан» құтқару үшін күресте бізді сыртқа тепсе, бізден дұрыс кімді тапты? Біздің орнымызға қай күшті қосты? Мәселе осында. Ешқандай күшті қосқан жоқ. Ештеңе өзгерген жоқ. Ел Рухы қайтадан құрдымның жоқ түбін іздеп, пәске қарай құлдилай жөнелді. Бұдан белгілі болғаны – «ел күл болмаса бұл болсын, тек менің қызметте өсуім маңызды, осы тірлігіме зияны тиюі мүмкін кез келгенді билігімді пайдаланып жыртамын». Осы тексіздік, осы ұлтқа, мемлекетке қарсы іс-әрекет ел рухын жаңғыртуға әрқашан кедергі. Не дегенмен, ол жобадан көп мәселе анық болды: ваххабизмді жеңуге болады. Евронасихаттың уын дарымайтын етуге болады. Иегова – алынбайтын жау емес екен. Ұлтты билік төңірегіне топтастырып, ізгі мақсатқа жұмылдыруға болады. Ұлттық Заңдар негізінде өзін-өзі басқару институттарын қалыптастыру арқылы, қоғамды жасампаздық іс-әрекет жолына салуға болады. Ұлт болмысын сақтап қалу соғысында тек жеңіп қана қоймай, «басқаларға үлгі болу» статусына жетуге болады.

Жансейіт Қансейітұлы!

Біздің Оңтүстік Қазақстан облысы — үш жүздің басы түйіскен ұлтымыздың ордасы екені сізге белгілі. Киелі Түркістан – ұлт бастауы. Біздің облыс рухани күйреуге түссе, ұлтымыз аман қала алмайды. Біздің облысымыз рухани жаңғыруға түссе, онда ол жаңғыру бүкіл қазақ ұлтын қараңғылықтан сүйреп шығаруы сөзсіз. Сіз осы облыстың перзентісіз. Бойыңызда қазақтық Рух, әруақты арқа бар деп ойлаймын. Егер солай болса, онда уақыт оздырмай, рухани бәлекеттерден ұлтымызды құтқару жолдарын бірге қарастырайық.

Мұхтар Мұхамбетжан,
05 сәуір 2017 жыл.

Пікір жазу