Шымкент қаласындағы Ахмет Байтұрсынов пен Төлеген Тәжібаев көшелерінің қиылысында орын тепкен №47 тарихи-гуманитарлық гимназия-мектебі қала шеңберінде де, облыс шеңберінде де үздік оқу ордаларының қатарында. Бірнеше жыл қатарынан Бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижелері бойынша бірінші орынды бермей келе жатты. Биылдың өзінде ҰБТ-дан алғашқы жоғары балды (136 балл) осы мектептің түлегі Әйгерім Жолдасбекова жинағанын білеміз. Директоры Жәмила Оспанова басшылық тізгінді қолына алған он жыл ішінде көптеген жас мамандарды тәрбиелеп шығарып, арасынан төрт үздігі қаланың төрт мектебінің директоры қызметін асқан абыроймен атқарып келеді.
Биылғы «Алғашқы қоңырау» ерекше жағдайда өтті. Ерекшелігі сол – бірінші сыныптың өзі «е» сыныбына дейін барып-жығылды. Яғни, қаламыздың демографиялық ахуалы жылдан-жылға жақсарып келе жатыр деген сөз. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып» шығуға тиіс бүлдіршіндерімізің қуаныштарына ортақ болып қайттық, қалған оқушылар мен мектеп ұстаздарын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап қайттық.
М.ӘССАНДИ