Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов айтты.
– Биыл құрылыс жұмыстарының көлемін 120 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Бүгінде оның 7 ай ішінде көлемі 52,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артты. Осы жылы Құрылыс басқармасы арқылы 154 нысанның құрылысы жоспарланған. Олар – 92 тұрғын үй, 34 инженерлік инфрақұрылым, 13 мектеп, 1 денсаулық сақтау, 2 мәдениет, 3 спорт, 3 абаттандыру, 3 ауыл шаруашылығы және 3 өзге сала нысандары, – деді Е.Ахметов.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда қалада «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен барлық қаржы көздері есебінен ауданы 1 млн шаршы метр 262 көп қабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде Құрылыс басқармасы арқылы бюджет есебінен 92 тұрғын үй салынуда. Олар кредиттік және арендалық бағытта іске асуда. Атап айтсақ, Әкімшілік іскерлік орталығында, Шымкент сити және Тұран шағын аудандарында 80 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның 51-і биыл тапсырылып, нәтижесінде 3 284 отбасы қол жетімді бағамен баспана сатып алады. Ал арендалық тұрғын үйге келсек, 12 арендалық тұрғын үй салынуда. Оның 8-і Әкімшілік іскерлік орталығында, 4-еуі Тұранда орналасқан. Осы жылы олардың 8-інде құрылыс аяқталып, 448 пәтерді пайдалануға тапсырады. Сонымен қатар нарықтан 696 пәтер сатып алынады. Нәтижесінде, 1 144 арендалық пәтермен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Оның ішіне кіретін отбасылар – 450 көп балалы отбасылар, 394 әлеуметтік осал топтар және 300 жұмыс істейтін жастар.
Ерлан Құланбайұлының сөзіне сүйенсек, қалада 2020 жылдың 7 ай қорытындысында 20 кредиттік тұрғын үй, яғни 1 416 пәтер пайдалануға тапсырылған. Олардың 8-і Әкімшілік іскерлік орталығында, 12-сі Шымкент сити шағынауданында орналасқан. Жалпы биыл 612 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 7 айда пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 299,86 мың шаршы метрге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 122,7%-ды құрап отыр.
©Өз тілшімізден