Құрметті Астана қаласының тұрғындары және қала қонақтары!
Осымен «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтіп жатқан ұлысымның ұйытқысы атанған Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері өз мәресіне жетіп отыр. Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау және ақпараттық ілгерілету арқылы қоғамдық сана-сезімді жаңғыртуға үлес қосу мақсатында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында 2017 жылғы 29-тамызынан бері жалауын желбіретіп жіберген Оңтүстік Қазақстан облысының күндері қыркүйектің 3-жұлдызында өз шымылдығын жабады.
Осы күндердің бағдарламасына сәйкес көптеген мәдени-рухани іс-шаралармен қатар, Оңтүстік өзінің жеміс-жидегімен, қауын-қарбызымен, көкөнісі және мал шаруашылығы өнімдерімен, «Оңтүстіктің қауын-қағы», «Қазығұрттың қымызы», «Шардараның балығы», «Сарыағаштың шипалы суы», «Түлкібастың алмасы» деп өзіндік брендке айнала бастаған өнімдерімен елордалықтарды қуантқаны бар. Әсіресе, кешеден бері үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі көптің көңілінен шықты десек, қателеспейтін шығармыз. Өйткені, Оңтүстік өнімдеріне Оңтүстік бағалары қойылды. Яғни, Астана базарларындағы нарық белгілеген бағалардан 15-20% төмен болды. Кей өнімдердің бағасы тіптен екі есеге дейін арзан сатылды. Тарту ретінде тегін таратылғандарын айтпағанның өзінде. Бүгін Этноауылда осы жәрмеңке өз жұмысын жалғастырады.
Келіңіздер, алыңыздар, өкінбейсіздер!..