Үстіміздегі жылдың 29 тамызы мен 3 қыркүйек аралығында «Астана ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде Оңтүстік Қазақстан облысының күндері өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын кеңінен насихаттау мақсатында «Айғақ» телеарнасы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен еліміздің бас қаласына «Ұлы дала автокеруенін» ұйымдастырып жолға шыққан еді. Жоба жетекшісі және делегация басшысы ОҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ОҚО мәслихатының депутаты Дулат Әбіш.
«Туған жер» бағдарламасы ел мен жердің ертеңін ойлаған арналы толғаныстардың бірі. Елбасы өз сөзінде «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген болатын. Осыған байланысты, туған жердің кереметтерін көрерменге кеңінен насихаттап, «Туған жер – құтты мекенім» және «Ғажайып Қазақстан» жобалары бойынша «Айғақ» телеарнасының үздіксіз атқарып келе жатқан жұмыстары ел назарында.
Айта кетейік, «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесіне жолға шыққан Қоғамдық делегация құрамында Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Молдабай Ильясов, Қазығұрт аудандық Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Мұхтар Момынов, Қазақстанның мәдениет қайраткері Нышан Төлегенов, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы Рымкүл Ертаева, «Нұр Отан» Партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Бостандық Жакей, Арыс қаласының Құрметті азаматы, Қоғамдық Кеңестің мүшесі, «Ырыс алды – ынтымақ» ұйымының аудандағы төрағасы Балқыбеков Қонысбек және аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, мектеп директорлары мен белсенді жастар, телеарнаның шығармашылық тобынан құралған 30-дан астам адам бар.