Қызанақтан басталған сапарымыз қызыл алмадан бірақ шықты. Арасында көптеген кәсіпкердің қып-қызыл еңбегін көріп, тәнті болдық. Мәселен, 2013 жылдан бері қарқынды бау өсірумен айналысып келе жатқан Шақпақ ауыл округіндегі «Кентау» серіктестігінде 200-ге жуық адам жұмыс істейді екен. Олар алманың Голден Делишес пен Рояль Гала секілді сорттарын өсіреді. Тағы бір түлкібастық кәсіпкер – Азаттық ауылының тұрғыны Икрамов Аброржан 505 мың теңге мемлекеттік грант алып, көліктің электр жүйесін жөндейтін орталығын ашқан. Одан соң бір мектептің күрделі жөндеу жұмысынан кейінгі жай-күйімен танысып, «Шамшырақ» аудандық газеті редакциясы жанындағы бой көтерген жаңа жай мен ой көтерген баспаханалық жаңа құрал-жабдықтарды тамашаладық. Соңында ағайынды бағбандар Бейбіт пен Серік Төлешовтардың «Көктал» шаруа қожалығына ат басын бұрдық…
© Әсет Әссанди
Суреттерді түсірген Азат Дидарбек