Оңтүстік Қазақстан облысында түркиялық инвесторлармен құны 12 млн. АҚШ доллары болатын екі жоба жүзеге аспақ.
Мұндай келісімге түрік бизнес-құрылымдарының жетекшілері бастаған делегацияның Астана қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде қол жеткізіліп отыр.
Қазақстанға жасаған сапары кезінде елордамыз – Астанада «Оңтүстік» индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы мен түркиялық бизнесмендер арасында құны 12 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестициялық екі құжатқа қол қойылды.
Күнгейдегі қазақ-түрік индустриалды аймағында осы жылы іске асырылатын жобаның бірі – қорғасын концентратын өндіретін түркиялық Merkez Asia Madencilik компаниясының зауыты (құны 2 млн. АҚШ доллары) болса, екіншісі – құны 10 млн. АҚШ доллары болатын Petronet Otomosyon компаниясының жанар-жағармай тарату колонкаларын шығаратын зауыты.
Бүгінде аумағы 50 гектарды алып жатқан «Қазақ-түрік» индустриалды аймағында жалпы құны 37,5 млн. АҚШ долларын құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар іске қосылғанда жаңа 900 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, жыл соңына дейін аталған индустиалды аймақта «Gold Aluminum» ЖШС-нің ПВХ профильдері мен ПВХ және алюминийден жасалған мөлдір конструкцияларды өндіретін шағын цехы іске қосылады.
Еске салсақ, 9 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Түркияның бизнес құрылымдарының өкілдерімен кездесуі өткен болатын.