Бұл кісінің еңбек стажына кей адамның ғұмыры да жеткіліксіз. Көптеген игілікті істерді атқара жүріп, қарапайымдылығын сақтап қалған
ӘЖИДИН ҚАРАБЕКОВ
бұл күндері тоқсанға толған торқалы тойын да жасап үлгерді.
Қазақ даласында көптеген ауқымды істердің басы-қасында жүрсе де, ешқандай марапатсыз-ақ ел құрметіне бөленіп отырған шынайы қаһармандарымыз аз емес. Қит етсе, «мен ондаймын, мен – мұндаймын, менің тірлігімді ешкім лайықты бағалап жүрген жоқ» деп, көкірек қағып жүретіндердің қасында бұл кісінің өмір өнегесі мәңгілік үлгі етіп аларлықтай дәрежеде. Бар ғұмырын кеңес шаруашылығы мен кәсіподақтар жүйесінің нығаюына арнаған ақсақалды ауыл тұрғындары оның гүл өсіруге деген құштарлығынан таниды. Бүкіл Темірланды жайнатып, түрлі әсем гүлдерге алғаш көмкерген де осы Әжекең болатын. Әлі есімізде, «мәңгі мызғымайтын» Кеңес одағы ыдырардың алдында, Темірландағы су жаңа шипажай иесіз қалып кетіп бара жатса да, оған бүкіл отбасын жұмылдырып, айналасын гүлдендіріп, өз еркімен күтіп баптаған да осы ақсақал данамыз. Ешкімінің тарапынан арнайы тапсырма алмаса да, өлшеусіз бұл еңбегіне ешкімнің тарапынан бір тиын төленбесе де, бүкіл жаны мен махаббатын сол гүлдерге төккенін, шипажайды барынша болашақ үшін сақтап қалуға тырысқанын көргенбіз, білеміз.
Өнегелі өмір иесі атанған Әжекең бүгінде тоқсанның үшеуін жасады. Әлі де бойынан қуат, ойынан шуақ кетпеген қарияның өз немересінен қалыспай көпшілік алдында бидің тамаша үлгісін көрсеткеніне бірқатар адам куә болдық.
– Менің ұзақ жасауымның бір ғана сыры бар, – дейді қазыналы қария бізбен әңгімесінде: – Ол – еңбек. Осы жасыма келгенше, мен әлі де өз үйіме өзім қараймын, бау-бақшаларды өзім баптаймын.
Расында, қыс күндерінде ауласындағы көмірді реттеп жүрген Әжекеңді көріп, таң қалғанымыз бар. Алла бұл кісіні еш өкпелетпеген екен ғой, деп те қалдық.
Он бір ұл-қыздың әкесі атанған ақсақалдың бүгінде қырық шақты немересі бар – бәрінің атын біледі, шатастырмайды. Шөберелері де әзірге он шақты болып қалды.
Керемет адамның керемет ғұмыры бәрімізге де жұғысты болғай!..
Әсет Әссанди