Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары Азат Перуашев және Берік Дүйсенбинов мегаполиске арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің Antikor ortalyǵyмен танысты.
Орталық жұмысымен таныстырған Департамент басшысы Асхат Жұмағали сервистік орталықтың жұмысы Президенттің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына толықтай сәйкес келетіндігін жеткізді.
ANTIKOR ORTALYǴY барлық қажетті талаптарды ескере отырып, ең бастысы ашықтық, қарапайымдылық және кедергісіз қызмет көрсету қағидаты бойынша құрылған.
«Барлық бөлмелер шыны кабинеттерге ауыстырылған «Open space» форматында салынған және бұл тиімді өзара іс-қимыл үшін жасалған.
Бірінші қабатта келушілерге кеңес беретін ресепшн-кеңесші, күту аймағы, сондай-ақ, азаматтардың ыңғайлылығы үшін балалар жиһазы мен ойыншықтармен жабдықталған балалар аймағы бар.
Екінші қабатта Адалдық алаңы жобалық кеңсесінің қызметкерлері мен Арнайы мониторингтік топ мүшелеріне арналған кабинеттер мен модульдік акт залы бар» — деп атап өтті А.Жұмағали.
Ғимаратпен танысқан Мәжіліс депутаттары халықпен тығыз жұмыс жасап, ашықтықты барынша қамтамасыз еткен бірден бір мекеме екендігін айтып, тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасалғандығын атап өтті.
Департамент басшысы жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардан хабардар етті.
«Мемлекет басшысы атап өткендей сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алып, жемқорлықтың алдын алуға басымдық берілуде. Осы мақсатта Агенттікпен әр салада арнайы жобалар жүзеге асырылып, қазіргі таңда өз нәтижесін беруде» — деп атап өтті А.Жұмағали.
Сонымен қатар, бюджет ашықтығы мен оның мақсатты пайдалануын бақылау мақсатында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жүзеге асырылып отырғандығын, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу мониторингі бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Одан бөлек депутат, «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев «ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында тікелей эфирге шығып, Мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі басымдықтар мен мегаполиске жұмыс сапарының мақсатынан хабардар етті. Эфир барысында ел Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша «Ақ жол» партиясының ұсыныстарымен, депутаттық бастамаларымен таныстырды.
© DIDARBEK.kz