Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » Еліміздің рухани болмысын жаңғыртады

Еліміздің рухани болмысын жаңғыртады

Латын қарпін енгізу бастамасы жарқын болашаққа бет алған еліміздің рухани болмысын, қоғамдық ой-санасын өзгертеді, жаңғыртады. Бүгін Парламентте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Кәлетаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатордың айтуынша, кез келген мемлекеттік, халықтық бастаманың табысты іске асуы үшін саяси, экономикалық, әлеуметтік негіздеме және қоғам тарапынан сұраныс болуы тиіс. «Дәл қазіргі уақытта мемлекеттік тілді реформалауға негіздеме де, сұраныс та бар деп ойлаймын», – деді Дархан Қалетаев.

Оның айтуынша, бұл ұлтымыз үшін, болашақ үшін аса өзекті әрі қажетті жоба екендігі дау туғызбайды. Сондықтан біз «Латын әліпбиі қажет пе?» деген сұраққа емес, «Латын әліпбиін қалай тиімді түрде енгіземіз?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.

«Бауырлас Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерін айтпағанның өзінде, төл әліпбилері бар Жапония, Қытай сияқты алпауыт мемлекеттер латын графикасындағы әліпбидің қосымша нұсқасын енгізіп отыр. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек», – деп атап өтті депутат.

Оның пікірінше, реформаны жүзеге асыратын атқарушы биліктің, құзырлы органдардың мойнында да үлкен тарихи жауапкершілік тұр.

«Біз бірыңғай стандартты халықтың қолданысына енгізудің барынша тиімді әрі жеңіл жолдарын қарастыруымыз керек. Ең бастысы, бұл бастама жарқын болашаққа бет алған еліміздің рухани болмысын, қоғамдық ой-санасын өзгертеді, жаңғыртады», – деп түйіндеді Д.Кәлетаев.

Айта кетейік, Парламенттік тыңдауға Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев, Сенат және Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобының ұсыныстарын талқылау қарастырылуда.

Талқылауға сондай-ақ, әліпби жобасын әзірлеуші А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының және Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, оның ішінде шетелдіктер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Өз тілшімізден

Пікір жазу