Шымкентте алғаш рет облыстық «Жастар ресурстық орталығының» жанынан «Шаңырақ» жас отбасылар мектебі ашылды. Алдағы уақытта аталған мектеп жастарға ғана емес, жас отбасылар мен болашақ келіндерге, отбасын құруды ниет еткен ер жігіттерімізге де кеңес беріп, қызмет көрсететін болады.
Орталықтың ашылу салтанатына келген жазушы, қазақы салт-дәстүрлерімізді насихаттаушы Зейнеп Ахметова жас отбасылар мектебінің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, мекемеге жас келіндермен бірге келген бүлдіршіндердің тұсауын кесті.
«Шаңырақ» жас отбасылар мектебі пилоттық жобасының мақсаты – жас жұбайлардың санасына отбасылық құндылықтардың маңыздылығын сіңіру, жанұяның беріктігін сақтау, жас отбасылардың белсенді әлеуметтік ұстанымын қалыптастыру. Құқықтық және медициналық сауаттылығын арттыру. Сонымен қатар, ажырасу мәселелеріне талдау жасау және оны болдырмау болып табылады.
Мектептің жұмыс істеу жүйесі бірнеше қадамнан тұрады. Алдымен, отбасын құруға сөз байласқан 29 жасқа дейінгі жұп «Неке сарайына» некеге тұру туралы өтінім береді. Онда АХАЖ бөлімі жас отбасылар мектебінің 32 сағаттық оқыту курсынан өтуге жолдама беріп, жастар психологиялық, заңгерлік, медициналық кеңестер мен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызға қанығып, аспаздық (қыздар) және қолөнер шеберлігіне (ерлер), сондай-ақ, биге қатысады. Мұнан бөлек, тақырыптық тренингтер мен шеберлік сабақтарынан өткен жұпқа арнайы сертификат табысталып, «Неке сарайынан» неке туралы куәлікпен қоса, арнайы Love story фотосессиялары мен отбасы бақыты туралы кітаптар, көркемфильмдер сыйға тартылады. Нәтижесінде, жас отбасылар мектебінен өткен жұбайлар үйлесімді жанұя болуға, отбасында кездесетін күйзелістерге төтеп беруге, құқықтық және медициналық тұрғыдан сауаттылығын жетілдіруге, болашақта ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бейімделеді деген болжам бар. Ал көрсетілетін қызметтердің барлығы тегін.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстанда бірнеше күннен бері жазушы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы салт-дәстүр, ұлттық код, рухани және отбасылық құндылықтар сынды басты бағыттарды жастар арасында насихаттау мақсатында арнайы кездесулер ұйымдастырып жатыр. Онда ұлт жанашырымен бірге қазіргі жастардың тәрбиесі жайлы айтылып, олардың бойындағы ұлттық құндылықтарды ояту, отансүйгіштікке тәрбиелеу жолдары мен қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы келелі ойлар ортаға салынып, талқылануда. Сонымен қатар, ұлт анасындай болып кеткен апамыз қазақтың қыз-келіншегі қандай болуы керектігі мен салт-дәстүрлеріміздің озығы мен тозығынан да мол мағлұмат беріп жүр.