Шымкентте кәсіпкерлікті жан-жақты қорғауды қамтамасыз етіп, аталған салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүзеге асырылып отырған “Protecting Business and Investments”, яғни «Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы бірқатар заңсыздықтың алдын алуға ықпал еткен.
Бұл туралы ANTIKOR ORTALYǴY алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен өткен брифинг барысында хабарланды.
Онлайн шарада Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы М.Сейтжанов, қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қ.Акенов бизнесті қорғау және оған қолайлы жағдай жасау мәселелеріне тоқталды.
Талғар Серікбаевтың айтуынша, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ағымдағы жылдың өзінде бизнесті қорғау шеңберінде 20-ға жуық кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызмтетіне заңсыз араласқаны үшін 8 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Спикердің мәліметінше бизнес өкілдерінен көбіне мемлекеттік қызмет көретудің сапасы, заңсыз тексерулерге қатысты шағымдар түседі.
«Бизнес пен инвесторларды қорғау» жобасы аясында мәселелер қысқа уақыт ішінде шешілуде және мегаполис кәсіпкерлері аталған Жобаға сенім арта бастаған. Соның бірден бір дәлелі қазіргі таңда Департаментпен жалпы сомасы 75 млрд. теңгеге 37 жоба сүйемелденуде» – деді Т.Серікбаев.
Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алудың басты шарты – мемлекетіміздің аумағында адал бизнес жүргізу бойынша міндеттеме алуы жеткілікті дейді мамандар.
Сонымен қатар, Талғар Серікбаев Департамент бизнес өкілдері үшін ашық екендігін жеткізіп, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Брифинг барысында кәсіпкерлер палатасы өкілдері, ағымдағы жылы бизнесті қорғау бойынша кәсіпкерлік палатасына 221 арыз түсіп, оның 152-і оң шешімін тапқанын жеткізді. Сонымен қатар, Кеңестің 9 отырысы ұйымдастырылып, онда 14 жүйелі проблемалық сұрақтар көтерілген.
@DIDARBEK.KZ