Оңтүстік Қазақстан облысына іс-сапармен келген Грекияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Александрос Катранис облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында болды. Сапар барысында Грекия республикасының елшісі облыстық ассамблеяның жұмысымен танысып, грек этномәдни бірлестігінің мүшелерімен бейресми жағдайда кездесті.
Жүздесуге облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов қатысып, өңірімізде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, этнос өкілдерінің экономиканы ілгерілетуге қосып жатқан үлесі жайында ақпарат берді.
Грекия елшісі Александрос Катранис өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ел саясатын жүзеге асыру үшін құрылған, әлемде теңдесі жоқ институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы жайында айта келе, этномәдени бірлестіктер қызметін дамытуға барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, кездесу барысында екі ел арасындағы мәдени ықпалдастықты арттырып, достық ара қатынасты күшейтіп, экономикалық байланыстарды нығайту жайы да сөз болды.